Елімізде докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін көбейтілді

Жарияланды
Елімізде ғылыми қызметкерлердің саны 25,4 мың адамға жетіп отыр/фото: KursivMedia мұрағаты

Докторантураға түскісі келетін, ғылыммен айналысқысы келетін жастарға мүмкіндік кеңейді. Мемлекет докторантураға тапсырысты 1,9 мың орынға дейін арттырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2024-2026 жылдарға 476,9 млрд теңгеге дейін көбейтілген. Атап айтқанда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру 67,9 млрд теңге болды.

Үкіметтің дерегінше, елімізде ғылыми қызметкерлердің саны 25,4 мың адамға жетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқанын көрсетеді.

«Жастарды ғылымға тарту мақсатында ҒЖБМ мен «Отбасы банкі» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Отбасы банкі» АҚ келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты», – делінген үкіметтің хабарламасында.

Ғалымдарға 20 млн теңгеге дейін кредит беріледі. Оны 19 жылдың ішінде өтеуге болады. 2024 жылдың 8 айында жас ғалымдарға 290 пәтер берілген. Ондағы мақсат – жас ғалымдарды елімізде қалуға әрі ғылымды дамытуға қосымша ынталандыру. Ал 20 пәтер өтеусіз берілген.

Үкіметтің дерегінше, 2023 жылы шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге 809 ғалымға грант ұсынылған. Қазір республикалық комиссия 80 үміткердің ғылыми тағылымдамадан өтуін мақұлдады.

«Ғылыми кадрларды, яғни PhD докторларын даярлауға, олардың жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлінеді, докторантураға мемлекеттік тапсырыс 1,9 мың орынға дейін ұлғайтылды», – делінген үкіметтің хабарламасында.

Мұның алдында магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау және докторантураға түсу емтихандарына құжаттарды қабылдау басталғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз