Әндіжанда «Өзбекстан» коньягін ішкен 22 адам уланып, оның бесеуі жан тапсырған
Желтоқсан айының 22-сі мен 26-сы аралығында Өзбекстанның Әндіжан облысында «Өзбекстан» коньягін ішіп, 22 адамның уланғаны, оның бесеуі қайтыс болғаны анықталды.
Repost хабарлауынша, Әндіжан облысының прокуратурасы осындай ақпарат таратып отыр. Оқиғаны тексеру үшін арнайы шұғыл топ құрылған.
Қазір бөтелкелерде акциздік марканың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ведомствоның ақпаратына қарағанда, медициналық көмек көрсетілсе де, бес адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Қалғандары ауыр хәлде ауруханада жатыр.
Прокуратура қылмыстық іс қозғады. Жергілікті прокуратураның басшылығымен шұғыл-тергеу тобы алдын ала тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуді бастаған.
Оның құрамына ішкі істер басқармасының тергеу департаментінің және Бас прокуратураның экономикалық қылмыстарға қарсы күрес департаментінің облыстық басқармасы өкілдері кірген.
Қазақстанда да улану оқиғалары биыл жиі кездесті. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте асхана тамағынан 460 оқушы уланды. Балалардың ата-аналары тамақ сапасына бұрын да шағым түсіріп келгенін айтылды.
Балқашта демалыс орындарында жаппай улану тіркелді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 29 азаматтың медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.
Қарағандыдағы ауруханаларда Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балалары уланып, біреуі қайтыс болған еді.