Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғыртуға 1,5 млрд теңге бөлінеді
Үкімет Жезқазған жылу желілерін реконструкциялауға, жаңғыртуға резервтен қаржы бөлді.
Премьер-министр Олжас Бектенов қаулыға қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Құжат Қазақстан Үкіметінің резервінен Ұлытау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аудару үшін 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді көздейді. Қаржыландыру «Жезқазған қаласының ТМ11 жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғырту» жобасының 2-ші кезегін іске асыруға бағытталады», – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Ұлытау облысындағы жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 639 шақырым. Бүгінде олардың тозу деңгейі ресми дерек бойынша 60%-ға жуықтайды. Желілердің басты бөліктері 1951 жылы пайдалануға берілген.
Жезқазған қаласында 89 мың адам тұрады. Қалаға жылу электр орталығы жылу береді. Қалалық жылу желілері 398 шақырымға созылып жатыр.
Мұның алдында Энергетика министрлігі 2024 жылы жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын энергетикалық нысанның іске қосылғаны жөнінде ақпарат берген болатын. Соның бірі – Жезқазған ЖЭО № 8 қазандық агрегаты. Оның қуаттылығы 43 МВт болады.