Жаңалықтар

Украина Ресейге қайтарған тұтқындар арасында Қазақстанда дүниеге келген сарбаз бар

Украина босатқан тұтқындар арасында қазақстандық болуы мүмкін/ фото: РФ Қорғаныс министрлігі

Ресейлік «Наш выход» қозғалысы Украина-Ресей соғысына қатысып, тұтқынға түскен 150 әскеридің тізімін жариялады. 30 желтоқсан күні Украина Ресейге тұтқындарды жіберген.

«Наш выход» ұйымының мәліметтерін екі ел де әзірше жоққа шығарған жоқ. Тізімде Қазақстанда туған 49 жастағы ер адам бар.

Тұтқынның аты-жөні – Сергей Любушкин Анатольвич. 1975 жылы 14 тамызда Қазақстанда дүниеге келген. Ашық дереккөздерде оған қатысты ақпарат жоқ.

Қазақстанда арнайы органдар іздеу жарияланған күдіктілердің тізімінде де аты-жөні кезікпейді.

Украина мен Ресей арасында соғыс басталғалы Қазақстанда шетелдердегі әскери іс-қимылға араласқаны үшін 46 қылмыстық іс қозғалған. Одан бөлек «Жалдамалылық» бабы бойынша жеті іс ашылған.

Мәскеу мен Киев өзара тұтқындарды алмастырған. РФ тарапы әскерилер Беларусь елінде екенін, Ресейде оларға көмек көрсетілетінін хабарлады.