Үш дағдарыс және доллар курсы 600 теңге. 2025 жылы экономикадан не күтеміз?
Үкімет келесі жылға ел бюджетін бекітіп, ЖІӨ 5,6%-ға өседі деп позитивті болжам айтып отыр. Ал сарапшылар не дейді? 2025 жылы экономикадан не күтуіміз керек? Kursiv Media шолуын ұсынамыз.
Келесі жылы Қазақстанды үлкен үш дағдарыс күтіп тұр
Бюджеттік, қарыз және төлем балансы дағдарысы. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков журналистерге берген сұхбатында елімізді осындай үш дағдарыс күтіп тұр деген болжам жасаған еді.
«2025-2026 жылдары экономикамызға бірден үш дағдарыс белгілері байқалып тұр. Ол үш теріс ықпалдың өзі қандай-да бір қауіп бар екенін білдірмейді. Мұндағы қауіп – ол үш дағдарыс бір уақытта келетіндігінде. Үш дағдарыс қатар келгенде – ол экономика үшін үлкен соққы», – деді Арыстанбеков.
Қайырбек Арыстанбековтің атап өтуінше, бюджет дағдарысы 2025 жылы болатын 4,1 трлн теңгелік бюджет тапшылығына байланысты болуы мүмкін. 2024 жылдың бірінші тамызында елдегі бюджет тапшылығы 2,8 трлн теңгені құраған еді. Ал елдегі төлем балансы (импорттың экспорттан асып түсуі) 2025 жылы тағы 5-6 млрд долларға көбеюі мүмкін. Арыстанбековтің сөзінше, капиталдың шетелге кетуі қатты байқалып жатыр.
Экономикалық саясат институты директорының сөзінше, 2025-2026 жылдарда жеке компаниялардың қарызын жабуы 101 млрд долларға тең болады. Бұл да елдегі қаржының шетелдік ұйымдарға ағылуы дегенді білдіреді. Ең басты назар аудару керек мәселенің бірі – Қайырбек Арыстанбеков доллардың қазіргі бағамы әлі де жоғары емес деп есептейді. Яғни девальвация болып, шетелдік валюта бағамы 600 теңгеге дейін жетуі қажет. Әйтпегенде мемлекет өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады.
«Қазіргі курсты сақтап тұруға болады, бірақ біз баға жағынан бәсекеге қабілетті бола алмай қаламыз. Девальвация керек, ақырындап бір жыл ішінде ол әдісті қолдануға болады. Бірақ Ұлттық Банк одан бас тартып отыр. Жыл басынан бері курс соншалықты жоғары өскен жоқ», – деді Қайырбек Арыстанбеков.
Инфляция қалай өзгереді?
2025 жылдың алғашқы айларында елдегі инфляция деңгейі ақырын баялауы мүмкін. АERC сарапшылары осындай болжам жасады. Еске саламыз, 2024 жылы елдегі жылдық инфляция көлемі 8,4%-ды құрады. Мамандар келесі жылдың қаңтарында 8,41% болады деп болжайды. Ал жалпы жылдық инфляция мөлшері 8,17% көлемінде болуы мүмкін дейді.
АКРА компаниясының сарапшылары келесі жылы инфляция ең жоғары деңгейіне жетуі мүмкін, бірақ одан кейін ақырындап Ұлттық Банк болжаған көрсетішке жақындайды деп отыр.
«Инфляциялық динамикаға ерекше әсер еткен сегмент – қызмет көрсету секторындағы бағаның көтерілуі. Егер импорт немесе кезекті фискалды кеңеюге қатысты жаңа инфляциялық қысым болмаса, 2026-2027 жылдары инфляция реттеуіш болжаған межеге жетеді», – деп жазылған компания есебінде.
Теңгеге қысым сақтала ма?
Вашингтондағы Ақ үйге жаңа басшының келуі тек Америка ғана емес, әлем экономикасына да әсер ететін негізгі фактордың бірі болып отыр. Әлбетте, ол теңге бағамына да ықпалын тигізбей қоймайды.
«АҚШ президентінің ауысуы инвесторлардың жоспарына, шикізат экономикасына да теріс әсер етуі мүмкін. Ол сценарий теңге курсына қысым жасап, Қазақстанның ЖІӨ динамикасын баяулатады. Дегенмен ХВҚ болжамы бойынша, келесі жылы ел экономикасының өсімі 4,6%-ды құрайды. Оған Теңіздегі мұнай өндірісінің көбеюі әсер етеді», – дейді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының мамандары.
Жалпы алғанда, қаржыгерлер қауымдастығы келесі жылы әлемдік экономикадағы тәуекелдер тізімі көбейіп жатыр дегенді айтады. Нақты айтқанда, мемлекеттік қарыз деңгейінің жоғарылауы, дамушы елдердегі валюталық тәуекелдер, Еуропа мемлекеттерінің экономикасындағы тоқырау, қаржылай конгломераттардың дефолтқа ұшырауы, геосаяси тұрақсыздық және табиғи апат дегенді айтады. Осы себептерден жаһандық монетарлы шарт қатаңдап, әлемдік экономика өсімі баяулайды.
«Осы жағдайда 2025 жылы Қазақстандағы экономика өсімі мұнай өндірісіне байланып отыр», – дейді қаржыгерлер.
Одан бөлек үлкен бюджет шығындары және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын да айтуға болады.