Украинадағы соғыста ресейлік экс-футболшы қайтыс болды
Украинадағы соғыста Ресей футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы Алексей Бугаев қайтыс болды.
Алексей Бугаев – ресейлік футболшы. «Торпедо», «Томи», «Локомотив», «Краснодар» клубтарында ойнаған. Ел құрамасымен бірге 2004 жылы Португалияда өткен Еуропа чемпионатына қатысты. Бірақ 2010 жылдан кейін Бугаевтың спорттық мансабы аяқталды.
2023 жылы қарашада оны заңсыз наша таратқаны үшін соттады. «Торпедоның» бұрынғы ойыншысынан 0,5 кг метилэфедрон тапқан. Кейбір БАҚ футболшының жағдайы нашарлап, қарыздары тым көбейіп кеткеннен осындай қадамға баруға мәжбүр болған деп жазады. Краснодардың аудандық соты 43 жастағы Бугаевты қатаң режимдегі колонияға 9 жылға қамады.
Оның адвокаты Константин Жеребцовтың сөзінше, ол түрмеден кейін Украинадағы соғысқа баруды жоспарлаған.
«Иә, Алексей сол жаққа барғысы келді. Үкім шыққан соң, бірден соғысқа баруды жоспарлады. Сондықтан үкім тезірек шықсын деп асыққан еді», – деді ол журналистерге.
Соған сай Бугаев Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасады. Бірақ соғысқа барғаннан кейін 3 айдан соң қайтыс болды.
Ресей-Украина арасындағы соғыстың жүріп жатқанына 2 жыл болды. Кейбір тәуелсіз медиа және АҚШ Қорғаныс министрлігінің есептеуінше, 2 жылда 120 мың ресейлік жауынгер қайтыс болған.