Jeju Air компаниясының 161 жолаушысы бар тағы бір ұшағы әуеге көтерілгенде, шассиі істен шықты
Оңтүстік Кореяда тағы бір ұшақ шассиінен ақау шықты. Jeju Air әуе компаниясының тағы бір ұшағында ішкі рейс кезінде шасси істен шығып, әуежайға қайта оралуға мәжбүр болды. Дәл осындай ақау бұған дейін Муанда апатқа ұшыраған әуе көлігінде болған еді.
Yonhap басылымының мәліметінше, әуе компанияның Boeing B737-800 ұшағы Кимпхо халықаралық әуежайынан Чеджуға ұшқан. Әуеге көтерілгеннен кейін, көп ұзамай ұшақ шассиінен ақау шығады. Осыған байланысты әуе көлігі ұшып шыққан әуежайына қайта қонуға мәжбүр болған.
«Ұшақ бортындағы 161 жолаушыға шассидің дұрыс жұмыс істемеуінен туындаған механикалық ақау туралы хабарланды. Сағат 07:25-те борт Кимфо әуежайына оралды»,- делінген ақпаратта.
Әуе компания рейс басқа ұшақпен орындалатынын хабарлады.
Jeju Air әуе компаниясы ұшағындағы апат…
Еске салайық, осыған дейін Оңтүстік Кореяның Муан әуежайына қонған ұшақ апатқа ұшырап, 179 адам мерт болған еді. Таиландтан келген ұшақтағы жолаушылар қаза тапты. Jeju Air әуе көлігі қонайын деп жатқан кезде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылды. Ұшақта 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Әуе көлігіне мінген 181 адамның арасынан екі кісі ғана тірі қалған. Jeju Air компаниясы 2006 жылдан бері қызмет етеді. Бірақ компания тарихында мынадай өте ауыр оқиға болмаған.