АҚШ-тағы соңғы сауда сессиясы төмендеумен аяқталды. Какао бағасының өсу қарқыны барлық шикізат тауарларынан тағы да асып түсті. 2025 жыл қарсаңында Уоррен Баффеттің қызығушылығын тудырған акциялар белгілі болды. 30 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
Америкалық индекстер «Санта-Клаус раллиін» қолдай алмады
Дүйсенбіде АҚШ-та 2024 жылдың соңғы сауда сессиясы өтті. Акциялар құны төмендеді. Атап айтқанда, Dow индексі 0,97%-ға, NASDAQ 1,19%-ға, ал S&P 500 1,07%-ға арзандады.
CNBC жазуынша, күн ішінде инвесторларды сатылымға итермелейтін теріс жаңалықтар болған жоқ. Инвесторлар жаңа жылға дейін пайдасын бекітіп, қаңтарда нарық серпінінен айырылуы мүмкін деген қауіппен әрекет еткен болуы ықтимал.
WisdomTree аға экономисі әрі Уортон мектебінің қаржы профессоры Джереми Сигел «Меніңше, келесі жылы біз үзіліс жасаймыз. 2025 жылы S&P индексінің 10%-ға төмендеуін білдіретін түзету ықтималдығы жоғарылайды», деді.
Ал Fundstrat зерттеу бөлімінің басшысы Том Ли жыл соңындағы көрсеткіштердің төмендеуіне инвесторлар алаңдамауы керек екенін айтты. Оның пікірінше, 2025 жылдың басында нарық қайтадан өседі.
Уоррен Баффет қызығушылық танытқан акциялар белгілі болды
Market Watch 2025 жыл қарсаңында Уоррен Баффет қолдайтын бірнеше акция туралы жазды. Бұл құнды қағаздар тәуекелі төмен инвестициялауды жөн көретін инвесторлар үшін тартымды болуы мүмкін.
Баффеттің Berkshire Hathaway қоры кейінгі уақытта америкалық Occidental мұнай компаниясының акцияларын белсенді түрде сатып алып жатыр. 2024 жылдың соңында мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бұл акциялар арзандады. Бірақ оларды әлі де арзан деп айта алмас едік: акцияның бағасы (120 доллар) болжанған бір акциядан түсетін кірістен 15 есе жоғары.
Баффет Occidental-дің 28%-ын иеленіп отыр, бұл шамамен 12,7 млрд долларға бағаланады. Қазір осы акцияларды сатып алатын инвесторлар мұнай бағасының өсуіне үміт артады.
Сондай-ақ Баффет Sumitomo, Marubeni және Mitsubishi акцияларын сатып алып жатыр. Бұл компаниялардың акциялары 2024 жылы арзандап, қазіргі уақытта қолжетімді бола түсті. Бірақ болжанған кірістен 7,5-тен 12 есеге дейін қымбат саудалануда. Аталған жапондық конгломераттар бүкіл әлемде түрлі қызметтермен айналысады: пайдалы қазбалар өндірісі, банк ісі, консалтинг, денсаулық сақтау және логистика. Бұл олардың кірісін тұрақты етеді.
Какао бағасы өндірістегі проблемалардан соң қайта өсе бастады
Bloomberg мәліметінше, дүйсенбі күні какао фьючерстері жеткізілімге қатысты туындаған мәселелер аясында күрт қымбаттады. Нью-Йорктегі келісімшарттық бағалар күн ішінде 14%-ға дейін өсті, бұл 2024 жылдың мамырынан бергі ең үлкен күндізгі серпіліс болды.
Батыс Африкадағы какао өндірісінің басты орталығы Кот-д’Ивуар фермерлері құрғақшылық пен өнімдердің зақымдалғанын хабарлады. Сонымен қатар ағаштарды жойып жіберетін аурулар таралып жатыр. Сертификатталған биржа қоймаларындағы какао қоры азая түсті.
Айта кетейік, 2024 жылы какао бағасы үш есе өсті және барлық негізгі шикізат тауарларын басып озды. Қазір какао қорларының қалпына келу белгілері байқалмайды. Шектеулі жеткізілімдер мен тұрақсыз сауда жағдайлары өнім бағасының өсуіне әкелді.