АЭС референдумы, су тасқыны, Бишімбаев ісі, уақыт белдеуі – 2024 жыл қандай тарихи оқиғалармен есте қалды
2024 жыл тарих беттерінде қандай оқиғалармен есте қалады? Өтіп бара жатқан жыл түрлі сипаттағы айтулы оқиғаларға толы болды. KursivMedia соның ішіндегі ең елеулілерін тізіп шықты.
Жер сілкінісі
2024 жылдың 23 қаңтарында Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болды. Түнгі сағат 00:09 шамасында болған дүмпу қала тұрғындарын да дүр сілкінтті. Алматылықтар тіпті жақын маңдағы ауыл-аймақтардағы жер үйлерге көше бастады. 4 наурызда жер сілкінісі тағы қайталанды. Бұл жолғы дүмпу де 5 балл болған. Алғашқы сілкіністің ошағы Қытай-Қырғызстан шекарасында болса, екіншісі тіпті жақын, Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырымда яғни Қазақстан аумағында болды.
Қаңтар айынан бастап Алматыда жер сілкінісі кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, алдын ала ескерту жүйесін іске қосу жұмыстары басталды. Қалада табиғи апаттар кезінде жедел хабарлайтын Mass Alert жүйесін қосу жоспарланып, оған бюджеттен 425 млн теңге сұралды.
«Салтанат заңы» мен Бишімбаев ісі
2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілік Қылмыстық кодекс аясында қарастырылатын болды. Осылайша, қорлау, ұрып-соғу істер бойынша жаза қатаңдады. Заң аясында өзара бітімге келу мүмкіндігі алынып тасталды.
Заң жобасына енгізілген өзгерістер халық арасында «Салтанат заңы» аталып кетті. Салтанат Нүкенова – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі жары болған. Бишімбаев Нүкенованы 2023 жылдың қараша айында ұрып-соғып өлтірген. 2024 жылы Салтанат Нүкенованың ісі Астана сотында қаралды. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш рет онлайн трансляцияда өткен сот процессі болды. Миллиондаған адам бірнеше ай бойы үздіксіз қараған сот процесінде судья Айжан Көлбаева тікелей эфирде экс-министрді 24 жылға бас бостандығынан айырды.
Жаңа уақыт белдеуі мен қарсылық
2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан аумағын толығымен бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Яғни бұрын Астана уақытымен өмір сүрген өңірлердегі 15 млн халық 1 наурыздан бастап Қызылорда уақытына ауысты. Бұл қоғамда үлкен наразылық тудырды. Әсіресе күз келіп, қыс жақындағанда шығыс өңірлерде күннің ерте батуына тұрғындар да наразы.
Жаңа уақыт белдеуіне көшу туралы ұсынысты жасаған Сауда министрлігінің шешіміне қарсылық білдірушілер петиция жариялады. Қысқа уақыт ішінде петицияға 50 мың адам қол қойған. Алайда министрлік петицияны қарастырудан бас тартты. Себебі елде бірыңғай петиция жүйесі құрылған болатын. Ресми органдар енді тек сол е-петиция жүйесінде жария болған өтініштерді қарастырады.
Қарашада Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер ететін жөнінде зерттеу жүргізілетінін хабарлады. Зерттеу жасауға өтініш жасаған ұйымдар бюджеттен 160 млн теңге сұраған. министрлік сомманы 54 млн теңгеге қысқартты.
Су тасқыны мен Перизат Қайрат
2024 жылдың көктемінде еліміздің бірнеше аймағы су астында қалды. Жағдай әсіресе батыс және солтүстік өңірлерде қауіпті болды. Су тасқыны салдарынан 7 адам қайтыс болып, жүз мыңнан астам отандасымыз үйсіз қалды. Бұл соңғы 80 жылдағы Қазақстан аумағында болған ең ауқымды су тасқыны.
10 өңірде төтенше жағдай жарияланып, құтқару жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны салдарынан келген жалпы шығын 300 млрд теңгеден асқан. Қазақстандық кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар тасқыннан зардап шеккен халыққа көмектесіп, инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қайырымдылық қорларына 250,5 млрд теңге аударған. Ал мемлекеттік бюджет пен Үкімет резервінен бөлінген сомма 137 млрд теңгені құраған.
Осы мәселеге қатысты жыл соңында бір шулы оқиға болды. Bizbirgemizqazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынды.
Шерзат Полаттың ісі
4 қазан Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза табады. Бір топ азаматтың арасында болған төбелес салдарынан жасөспірім көз жұмды. Оның ісіне сол аудан аумағында жұмыс істейтін «қылмыстық топтың» қатысы бар деген қауесет тарады. Себебі аудандық полиция бөлімшесі істі жүргізуге асықпаған. Ашынған жасөспірімнің ата-анасы мен туыстары Талғарда көшені жауып, қарсылық білдірді. Осыдан кейін істі Қонаевтағы Алматы облыстық полиция департаменті қарайтын болды.
Қылмыстық іске байланысты полиция «Бұзақылық», «Қорқыту», «Адам өлтіру» және «Қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша іс қозғап, 13 адамды қамауға алған.
10 желтоқсанда Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. 11 желтоқсанда оны жерлеу рәсімінен кейін Нұрымов полиция көлігінің дөңгелегін жарып, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Полиция оны сол жерде ұстап, 15 тәулікке қамаған. Ішкі істер министрлігі Шерзат ісін тергеуді 2024 жылдың соңына дейін аяқтайтынын хабарлады.
АЭС референдумы
2024 жылы 6 қазанда Қазақстан азаматтары «АЭС салу» бойынша шешім қабылдап, референдумда дауыс берді. Атом электр станциясын салуды 5 561 937 азамат қолдады. Бұл дауыс беруге келгендердің 71,12% құрады. АЭС-тің нақты қай өңірде салынатыны туралы шешім әлі шыққан жоқ. Дегенмен Алматы облысының Үлкен ауылында салу мүмкіндіктері қарастырылған.
Станцияны салуға Франция, Ресей, Оңтүстік Корея және Қытай компанияларынан құрылған консорциум жұмыс істеуі мүмкін. Қазіргі уақытта «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000, APR-1400 реакторлары), «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) сияқты әлеуетті жеткізушілерімен келіссөз басталған.
АЭС-тың нақты құны белгісіз. Дегенмен әлемде салынған қуаты жоғары, екі блокты АЭС-тің құны шамамен 10-12 млрд АҚШ долларын құраған.
Ақтаудағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Әзербайжан әуе компаниясының Баку-Грозный бағытындағы Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлады. Бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам опат болып, 29 адам тірі қалды. Ұшақта болған Қазақстанның 6 азаматы көз жұмды.
Ұшақ апатына қатысты тергеуді Қазақстан жүргізетін болды. Әзербайжан мен Ресей өкілдері тергеуде бақылаушы бола алады. Ұшақтың қара жөшігі Embraer 190 лайнерін өндіруші Бразилия еліне жіберіліп, сол жақтан тексерілетін болады.
Ресей мен Қазақстан билігі бастапқыда ұшақ бір топ құспен соқтығысты деп хабарлаған еді. Алайда бірқатар әлемдік басылым ұшақ Грозный қаласының аспанында атқыланған болуы мүмкін екенін жазды. Кейін бұл пікірді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те айтып, Ресейдің кешірім сұрауы және материалдық шығынды өтеуі қажет екенін ескертті.