2024 жылы әкімдер мен министрлер не туралы айтты? Халыққа берген уәдесі қандай?
2024 жыл несімен есте қалды? Шенеуніктеріміз бұл жылы не туралы айтты? Халыққа қандай уәде берді? Kursiv.Media редакциясы әкімдер мен министрлердің жыл бойында айтқан қанатты сөздері мен цитаталарын топтастырды.
Ерболат Досаев
2024 жылдың басында Алматы әкімі Ерболат Досаевтан өз жұмысына баға беруді және қандай жұмысымен мақтанатынын сұрады. Әкім Алматы қаласын дамытудың жолында қызмет етіп жүргенін мақтан тұтатынын айтты.
«Алматы қаласының дамуына шын жүректен қызмет етіп жүргеніме(мақтанамын – ред.). Біз тірі адамдармыз. Біз идеал емеспіз. Мен де мінсіз әкім емеспін. Екі жылда әртүрлі кезең болды. Уақыт болғанда айтып беремін», – деді қала басшысы.
Ал өзінің алдындағы әкімдердің қала құрылысын жүргізгенде халықтың жағдайын ескермегенін атап өтті. Бұл мәлімдемесін шаһар басшысы 6 қыркүйекте Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
«Өкінішке қарай, халыққа қандай әлеуметтік инфрақұрылым керек екенін ешкім ескермеген. Алдында оны ешкім ойламаған және дым істемеген. Біз сол кемшіліктерді орнына келтіріп, жерлерді қайтарып, мүмкіндігіміз жеткенше түзеуге тырысып жатырмыз», – деді Досаев.
Сонымен бірге Досаев бұрынғы әкімердің кесірінен жекеге өтіп кеткен Сайран автовокзалын мемлекеттік меншікке қайтаруға уәде берді. Қазіргі таңда меншік иелерімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Мемлекет меншігіне өткен соң әкім «бас ауруынан» құтылмақшы.
Басқа әкімдер не айтты?
Жақында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистерге брифинг өткізіп, онда өңірде атқарылып жатқан жұмыстары жайлы есеп берді. Әсіресе Қорғас өткізу бекетіне ерекше тоқталған әкім, бұл жерді ескі Қазақстан өкілдерінен тазалап жатқанын атап өтті. Әкім Қорғасқа қазіргі күні үлкен инвесторлардың неге кірмей жатқанын түсіндірді.
«Сенімсіздік бар. «Бұрынғыдай бола ма? Тамыр таныстық бар, прокуратура бар, зорлық қылып тартып алмай ма? Бизнесімізден айырылып қалмаймыз ба?» деп қорқады. Несі керек, бұрын болды ғой. Қорғас кімнің, қай семьяның ықпалында болғанын жақсы білесіздер. Біз соның бәрін тазалап жатырмыз», – деді әкім.
Бір әкім ескі Қазақстан өкілдерінен құтылғанын айтып есеп беріп жатса, енді бірі керісінше, ескі Қазақстан өкілдерінің туыстарының басшылыққа келгеніне ерекше қуанып жатты. Мәселен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ағайынды Сапарбаев пен Нәлібаевтардың туысы Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласына басшы боп келгенде қуанған. Өңір басшысы жаңа тағайындалған әкім туралы:
«Біріншіден, Астана көрген. Екіншіден, тәжірибесі бар. Сапарбаев, Нәлібавтың туысы дегенді естігенде, біз де қуандық. Өйткені сондай текті әулеттен шығып отырғаннан кейін, өз атына кір келтірмей, үлесін қосады, жауапкершілігі артады деп ойлаймыз. Көрейік, алдыда қалай боларын. Жан-жақтан да көмектесеміз. Бірақ енді тәжірибесі бар жігіт ұялтпайды деп сенеміз», – деді.
Уақыт белдеуі
Көктемнен бері жаңа уақыт белдеуі күн тәртібінен түспеді. Бір қызығы, қазақстандықтарға ұнамайтын уақыт белдеу шенеуніктерге ұнайтын болып шықты. Мәселен, Абай облысы мен ШҚО әкімдері өңірде түстен кейін кеш батып кетуін қалыпты деп санайды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл орайда Қытайдан үлгі алып, дәл сол елдің халқы секілді бір уақыт белдеуінде өмір сүріп үйренуге шақырды. Әкім уақыт белдеуін үш ай сайын ауыстыруға болмайтынын айтып, сол үшін де шыдай тұруды ұсынды.
Ал ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қазақстандықтарды соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының халқын қатты әбігерге салған уақыт белдеуіне қатысты Үкімет шешіміне қарсы ештеңе жасай алмайтынын жеткізді. Әкім уақыт белдеуін кері қайтара алмаса да, жұмыс уақытына өзгеріс енгізуге тырысатынын жеткізді. Жоғары жақтағылар келіссе, алдағы уақытта ШҚО-да жұмыс пен сабақ уақытына, қоғамдық көліктердің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Министрлер мәлімдемесі
Осы жылы министрлер арасында ең батыл мәлімдеме жасаған бұрынғы Ұлттық экономика министрі болды. Министрлікті бір жылға жуық басқарған Нұрлан Байбазаров бюджет жоспарына 10 рет өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Бұл мәлімдемесінен кейін, көп ұзамай қызметінен түсіп қалды.
Қарашаның аяғында өткен Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров бюджетке 9 рет өзгеріс енгізілгенін айтты. Артынша Байбазаров бюджетке 9 емес 10 рет өзгеріс енгізілді деп депутатты түзетіп өтіп, бұл өзгерістердің маңызды мақсаттарға сай енгізілгенін атты.
Мұны естіген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджетке қалай болса, солай өзгеріс енгізудің тәртіпке қайшы екенін айтып, министрді сынға алды.
«Сіз 10 рет өзгерту жасадық деп бір ерлік жасағандай айтып отырсыз ғой. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой. Депутат көтеріп отырған мәселе өте дұрыс. Мұны Үкімет өз қаперіне алуы керек», – деді Қошанов.
2023 жылдың аяғы 2024 жылдың басында киіктерді ату туралы Үкімет шешімі қатты талқыға түсті. Бірақ Үкіметтің бұл шешімінің күші көктемде қазақ даласын тасқын су басқанда, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен жойылды.
Ал Тоқаев тыйым салмай тұрып, елдегі жануаралар әлемін қорғауы тиіс Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киіктердің етінен консерві жасап жеуді жоспарлап отырған еді. Ол журналистерге айтқан әңгімесінде киік етін көрсе, сатып алып, дәмін көретінін айтқан. Алайда киік етінің консервілерін әзірлейтін фабрика ашылмады. Ал киіктерді ату науқаны ретсіз жүргізілді.
Енді министр Астана мен Алматы қалаларының ауасын тазартуға уәде беріп отыр. Нысанбаев шамамен 3-5 жылдан кейін ірі қалалардағы ауа жақсарады деп сендірді. Бірақ ауаны тазарту үшін нақты қандай шаралар қабылданатынын ашып айтпады.
«Нақты айта алмаймын. Жақсы 3-5 жыл дейін. Жағдай өзгереді. Бұған сенімдімін», – деді министр.
Осы орайда басқа министрлердің де уәдесіне тоқтала кетейік, Көлік министрі Марат Қарабаев шекарадағы кедендік өткізу бекеттерінде монополияны жойып, жемқорлыққа тосқауыл болатынын мәлімдеді. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев доллардың қымбаттауына байланысты Қазақстанда тұрғын үй бағасы, әсіресе, әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынатын баспана бағасы көтерілмейді деп уәде етті.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев экономикасы мұнай өндірісіне тікелей байланысты Қазақстанның кен орындарында мұнай сарқылып жатқанын мәлімдеп, көпшілік көңілінен уайым ұялатып қойды. Министр мәліметінше, 2040 жылға қарай мұнай өндіру көлемі қатты төмендеп кетуі мүмкін. Десе де, Сәтқалиев қосымша жерасты қорлары зерттеліп, жаңа кен орындарының ашылатынына үміттенетінін жасырмады.
Министрлер мен әкім-қаралар берген уәделер қалай орындалатынын KursivMedia редакциясы алдағы жылы да қадағалап отыратын болады.