2022 жылы Алматыдағы компаниялардан 947 млн теңге ұрлаған күдікті Дубайда ұсталды. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Дубайда Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) халықаралық іздеуге жарияланған ер адам ұсталды»,– делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, 2022 жылы бір топ күдікті алматылық ЖШС-лердің бірінен өзіне қарасты компанияның шотына 947 миллион теңге қаражат аударып алған еді.
«Қазіргі уақытта ер адам қамауда. Оны экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр», – дейді ІІМ баспасөз қызметі.
Айта кететін жайт, маусым айының басында Бас прокуратура мен Интерпол ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктіні Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарған еді. Ол 2010 жылы жәбірленушіден АҚШ-тан Қазақстанға қымбат көлік Rolls-Royce жеткізіп беремін деп 50 млн теңге алған. Бірақ уәдесін орындамай, шетелге қашып кеткен. Бұл қылмыс үшін мүлкін тәркілеу және үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.