Үкімет олигархтардан қайтқан ақша есебінен Жетісу облысында 2,6 млрд теңгеге 200 орындық мектеп салады
Жетісу облысы Рудничный ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Оған қаражат «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді. Үкімет бұл мектеп салуға 2,6 млрд теңге бөлмек.
Рудничный ауылындағы ескі мектеп 1969 жылы салынған. 55 жылдан бері ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған. Онда қазір 140-тан астам бала оқиды. Мектеп апатты жағдайда тұр. Су және кәріз құбырларының тозығы шыққан. Жылу жүйесі бұзылған.
Жаңа мектеп 200 балаға арналып салынбақ. Сонымен қатар, 30 орындық шағын дайындық орталығы да болады. Бұл ауылда 1 мыңнан аса адам тұрады. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың саны – 241.
Бұған дейін Үкімет Петропавлда балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында және Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлді.
Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің активтердің басым бөлігі шетелден қайтарылғанын мәлімдеген еді. Қазірге уақытқа дейін қайтарылған активтердің құны 670,5 млн доллар болып отыр. Бұл – 300 млрд теңгеге жуық қаражат.