Жаңа жылда интернет баяулайды – «Қазақтелеком» абоненттерге ескерту жасады
«Қазақтелеком» абоненттерге байланыстың үзілуі, интернеттің жылдамдығы азаюы мүмкін екенін ескертті.
«Құрметті абоненттер! Қазіргі таңда жеке интернет-ресурстарға қол жетімділік кезінде интернет байланыстардың жылдамдығы төмендеуі мүмкін. «Қазақтелеком» АҚ мамандары құрылғыларды тексерді. Біздің тарапымыздан ақау табылмады», – деп хабарлады компания.
«Қазақтелекомның» хабарлауынша, компания үшінші тұлғалардың басқаруындағы интернет желілерінің ресурстарының ашылмағаны үшін жауапкершілік алмайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Жаңа жыл қарсаңында мерекелік демалыс күндері интернетте үзіліс болмайды деп мәлімдеді. Бұл мәлімдемеге 16 желтоқсан күндері кейбір интернет-ресурстардың ашылмауына қатысты қазақстандықтардың шағымдануы түрткі болған-ды.
Қазақтелеком – байланыс және интернет қызметін көрсететін ұлттық оператор. Сонымен қатар, оның құрылымына Kcell (Kcell және Activ бренді), «Мобайл телеком-сервис» ЖШС (Tele2 және Altel бренді) кіреді.