Қазақстанда елшіліктер арқылы шетел азаматтарына ЖСН беру тоқтатылады
Шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беру уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру» пилоттық жобасының жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетел азаматтарына ЖСН беру уақытша тоқтатылады», – делінген елшіліктің хабарламасында.
ЖСН-ге қатысты қосымша ақпарат елшіліктің сайтында жарияланады.
Айта кететін жайт, 2024 жылғы 19 наурызда «Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыру» мемлекеттік қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы бұйрық шықты. Оны Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі әзірлеген.
«Пилоттық жобаның қолданылу мерзімі осы бірлескен бұйрық күшіне енген күнінен бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін айқындалсын», – делінген.