2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталады. Қазақстан үшін маңызы неде?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Осы жоба арқылы трансшекаралық цифрлық инфрақұрылым құра аламыз / Архив: kursiv.media

2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бұл жобаның ел үшін маңызы зор екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз.

«Жалпы телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн.

«Елімізде экономикаға қажетті электр қуатын өзіне керек шамадан тыс пайдаланатын, сөйте тұра салықты аз төлейтін кәсіпкерлер бар. Міне, осындайларды жөнге салу керек», – деді Тоқаев.

Еске саламыз, 2023 жылы маусым айында «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу мен пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорын құру туралы келісіміне қол қойған еді.

2023 жылы тамызда Каспий теңізі түбінде талшықты-оптикалық желі жүргізетін қазақ-әзірбайжан бірлескен кәсіпорны құрылған.

«Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы болып табылады, әрі Қазақстанның ірі қалаларын жоғары жылдамдықты дерек беру цифрлық ағынымен байланыстыратын Ұлттық ақпараттық супермагистралі бар ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие.

AzerTelecom – Әзірбайжанның жетекші көтерме телекоммуникациялық операторы. Компания энергетика, телекоммуникация, жоғары технологиялық және құрылыс салаларында 9 елде қызметін жүзеге асыратын NEQSOL Holding халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз