«Құпия компания»: экс-депутаттың қызына тиесілі фирма мен Айдын Рахымбаевтың холдингі. 2024 жылы қандай компаниялар мемлекеттен қомақты тапсырыс алған?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock.com

Қазақстанда бюджет қаржысының қомақты бөлігі мемлекеттік тапсырыс арқылы игеріледі. Осы орайда Kursiv.Media тілшісі «ҚР мемлекеттік сатып алулары» порталының деректеріне сүйене отырып, 2024 жылы жасалған келісімшарттарды шолып өтті. Айта кету керек, бұл келісімшарттар арасында негізгі ғана емес, қосымша жасалған келісімдер де бар.

Порталдың «ТОП-100 Өнім беруші» тізімін 2024 қаржы жылында жасаған шарт сомасына қарай сұрыптаған кезде (31 желтоқсандағы дерек), тізім басына 285 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған компания шығады. Бұл қаржы 6 келісімшарт негізінде игерілуі тиіс. Алайда тізімде шарт сомасы мен саны көрсетілгенімен, тендерді қандай компания ұтып алғаны жазылмаған. 300 млрд теңгеге жуық қаражаттың мемлекеттік тапсырысын игерген компания атауы жасырын тұр.

Жасырын компаниядан кейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» келеді. Аталмыш қор 2024 жылға қарай жалпы құны 245 млрд теңге болатын 103 келісімшарт жасасқан. Аталмыш қордың 100% акциясы «Қазақстан даму банкіне» тиесілі. Мәселен компания биыл «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнымен 12,5 млрд теңгеге трансформаторлар жеткізуге келісім жасасқан. Бұл келісімнің мерзімі – 2028 жылға дейін. Сонымен қатар «Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің» 5,36 млрд теңгелік тапсырысын орындап, төтеншеліктерге қажет көлік жеткізуге міндеттеме алған.

Экс-депутаттың қызына тиесілі фирма қомақты тендер ұтқан

Үшінші орында «Павлодар өзен порты» АҚ келеді. Бұл компания 235,8 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған. Жалпы 2024 қаржы жылында жасаған келісімшарт саны – 19. Мәселен, 36 млрд теңгеге компания «Алматы қаласында батыс кәріз коллекторын» салмақ. Алматыдағы Сайран көлінің жағалауын да осы компания қайта жөндеп жатыр. Одан бөлек, Маңғыстау облысында «Қошқар-Ата қалдықтар қоймасын қалпына келтіруді қолға алған. Бұл жобаның құны 50 млрд теңгеден асады.

«Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы «САН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл серіктестіктің құрылтайшылары – Пішембаева Долорес Мейрамқызы мен Сағынбек Анетта Арманқызы. Долорес Пішембаева – бірнеше рет Мәжіліс депутаты, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаевтың қызы.

215,9 млрд теңгеге келісімшарт жасаған «Мелиоратор» ЖШС тізімде төртінші орында тұр. Карьер қазып, бетон конструкциялар, кірпіш пен қыш шатыр шығарып, тұрғын емес ғимарат салып, жүк тасымалымен айналысатын компания қаржы жылында жалпы 106 келісімшарт жасасқан. Мәселен, 8 млрд теңгеге Астана маңындағы Қосшы ауылына су құбырын жүргізсе, 1 млр теңгеге Қызылорда қаласындағы көппәтерлі бірнеше үйді ыстық су жүйесіне қосады.

Ашық дерекөзде бұл компанияның құрылтайшылар ретінде Altyn Land ЖШС мен Халия Құдайбергенова көрсетілген. Ал Altyn Land компаниясының түпкі иесі – Бегімбет Полатов.

Ірі жол компаниясы 200 млрд теңгеге келісімшарт жасаған

«Атырауинжстрой-АИС» ЖШС 193,5 млрд теңгенің келісімін жасап, бесінші орында келеді. Жалпы 41 келісімшартқа қол қойылған. Компания негізінен ірі жол мен көпір салуға маманданғаны белгілі. Мәселен, қазір 6,5 млд теңгеге Ақтөбе қаласының көшелеріне жөндеу жүргізіп, 14 млрд теңгеге Атырау қаласында жол салып жатыр.

2023 жылы қайта тіркеуден өткен фрманың электронды үкімет порталынан алынатын анықтамасында компанияның бірінші басшысы Вилен Ким деп көрсетілгенімен, құрылтайшылары деген баған бос тұр. Дегенмен 2023 жылға дейінгі құрылтайшылар туралы ақпаратты іздегенімізде, компанияның құрылтайшылары «Алматыинжстрой» АҚ мен Владимир Пак екені анықталды.

Владимир Пак кезінде Атырау облыстық мәслихатының депутаты, облыстық корей мәден орталығының басшысы болған. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Алматыинжстрой» компаниясының негізін Бронислав Шин мен Серік Оразбаев қалағаны жазылады. Бронислав Шин Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшы болса, Серік Оразбаев – «Даңқты құрылысшы» белгісінің иегері.

Тізімде алтыншы орында тұрған «TOLAGAI-2050» ЖШС-ның жасаған келісімшарттарының жалпы құны 191 млрд теңгеден асады. Айталық компания 12 млрд теңгеге Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданының ауылдарына су жүргізіп жатыр. 25 млрд теңге «Алматы облысы Райымбек ауданының суару желілерін реконструкциялау» жобасын қолға алған.

«TOLAGAI-2050» ЖШС-ның құрылтайшысы – Жанысбеков Оразхан Кенжеғұлұлы. Ratel басылымы 2021 жылы компания иелері қатарында Ақбота Болатқызы Назарбаева бар екенін жазған. Алайда қазір компания құрылтайшылары қатарында оның есімі жоқ.

Айдын Рахымбаевтың қос компаниясы

ТОП-ондыққа 186,9 млрд теңгеге келісім жасаған «Казахдорстой» компаниясы енген. Оның жалғыз құрылтайшысы – «General Contractors Group» Ltd. жеке компаниясы. Ал бұл компания акционерлері – «BI Group» Ltd. жеке компаниясы мен «BI Capital». Ал BI холдингі миллиардер Айдын Рахымбаевқа тиесілі екені белгілі.

Компания жақында «Қазавтожол» компаниясымен «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолында Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салуға» келісім жасаған. Жобаның жалпы құны 71,4 млрд теңгені құрайды. 30 млрд теңгеге Астана қаласының көшесін салып жатыр.

170 млрд теңгеге келісімшарт жасаған «АБК-Автодор НС» ЖШС-ның да түпкі иесі – Айдын Рахымбаев. Ол бұл компанияға General Contractors Group арқылы иелік етеді. Бұл компания да жол құрылысы саласындағы ірі жобаларды жүзеге асырады. Айталық, 13 млрд теңгеге Қоянды кентінің жолдарын салады.

Тізімнің 9 және 10-қатарында «Bazis Construction» ЖШС мен B&A CONTRACTORS SA компаниясы тұр. «Bazis Construction» ЖШС-ның жасаған келісімдері 157 млрд теңгеден асса, екінші компаниянікі 144 млрд теңгеге жетіп қалады. «Bazis construction» ЖШС Bazis-А холдингінің құрамына кіреді. Түпкілікті иесі – Павел Белович. Компания Алматыдағы метро бекеттерін салып жатыр.

B&A CONTRACTORS SA – Астана қаласында  Ұлттық ғылыми онкология орталығын салып жатқан шетелдік компания. Ол Швейцарияда тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз