Девальвация: себептері және қаупі

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

Девальвация сөзбе-сөз аударғанда ұлттық валютаның басқа елдердің төл ақшаларына қатысты құнсыздануы. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысына дейін бұл сөздің мағынасы қазіргідей емес, мүлде басқа болатын. Яғни «алтын стандарт» деп аталатын термин болды. Бұл тұста кез келген елдің үкіметі ақшаның құнын алтынмен өлшейтін. Кейін ақша реформасы басталды. Осылайша аталған терминнің мағынасы өзгере бастады.

Қазір девальвация әдетте ұлттық валютаның басқа елдер резерв ретінде пайдаланатын валюталарға қатысты құнсыздануы турасында қолданылады. «Курсив» тілшісі девальвацияның қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер ететінін және себептері мен салдарын талдап көрді.

Девальвация деген не?

Девальвация – ұлттық валютаның шетел валютасына қатысты құнының төмендеуі. Яғни, мысалы, 100 мың теңгенің құнын есептеп көрейік. АҚШ долларының бағамы 500 теңге болса, 100 мың теңгеге 200 доллар сатып алуға болады делік. Алайда егер теңге әлсіреп, доллар бағамы 524 теңге болса, сол сомаға небәрі 190 доллар ғана сатып алуға болады.

Девальвацияның себептері

Девальвация бірнеше факторға байланысты туындауы мүмкін. Оның басты себептерінің бірі – елдің сауда балансындағы теңгерімсіздік. Егер импорт экспорттан айтарлықтай асып кетсе, бұл ұлттық валютаға қысым жасауы мүмкін. Сонымен қатар орталық банктер экспорттық кірісті ұлғайту және ішкі нарықта отандық тауарларды тартымды ету мақсатында ұлттық валютаны әдейі құнсыздандыруы мүмкін. Тағы бір себеп елдегі саяси немесе экономикалық тұрақсыздық. Мұндай кезеңдерде шетелдік инвесторлар қаражаттарын жаппай өз валюталарына алмастыра бастайды.

Девальвацияның қандай түрлері бар?

Ашық девальвация. Орталық банктер басқа валютаға немесе валюталар қоржынына қатысты жаңа айырбас бағамын белгілеу арқылы ұлттық валютаның құнын төмендетеді. Бұл ақша реформасымен және банкноттарды жаңасына ауыстырумен қатар жүруі мүмкін.

Жасырын түрі. Девальвацияның бұл түрі кезінде ұлттық валютаның құны валюта нарығындағы сұраныс және ұсыныспен анықталады. Бұған әртүрлі факторлар себеп болуы мүмкін. Соның ішінде сауда теңгерімсіздігі, инфляция, инвестициялық климаттың өзгеруі және тағы басқа.

Бақыланатын девальвация. Бас банк жағдайды толық бақылайды. Валюталық құралдардың көмегімен валюта бағамын белгілі бір диапазонда ұстап тұра алады.

Бақыланбайтын құнсыздану. Бұл жағдайда реттеуші жағдайды бақылай алмайды және ұлттық валюта қысқа мерзімде айтарлықтай әлсіреді.

Қазақстанның төл валютасының құнсыздануы: кейінгі жылдардағы мысал

Қазақстандағы девальвацияға мысал келтірер болсақ, қарашадағы елеулі серпілістің алдында төл валютаның күрт құнсыздануы 2015 жылғы тамызда тіркелген болатын. Аталған кезеңде ҚР Ұлттық банкі теңгенің құбылмалы бағамына көшкен еді.

2015 жылғы девальвацияның бірнеше себебі бар. Атап айтқанда:

  1. Мұнай бағасының төмендеуі: Қазақстан экономикасы мұнай экспортына қатты тәуелді және мұнайдың әлемдік бағасының барреліне 40–50 долларға дейін төмендеуі елдің валюталық түсімінің айтарлықтай төмендеуіне әкелді.

  2. Ресей рублінің әлсіреуі: рубльдің құнсыздануы Ресеймен тығыз экономикалық байланыста болғандықтан теңгеге қысым жасады.

  3. Алтын-валюта резервтерін қысқарту: Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамын ұстап тұру үшін қомақты қаражат жұмсады, ол барған сайын тиімсіз болды.

  4. Нарық конъюнктурасына бейімделу қажеттілігі: тіркелген валюта бағамы тұрақсыз болды және Үкімет құбылмалы айырбас бағамына көшуге мәжбүр еді.

2015 жылғы девальвация хронологиясы:

  •  2015 жылғы 20 тамызда Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына көшкені туралы хабарлады.
  •  Нәтижесінде теңге бір күнде 26%-ға құнсызданып, 1 доллар үшін 188 теңгеден 255 теңгеге дейін әлсіреді.
  • Одан кейінгі айларда айырбас бағамы құнсыздануын жалғастырып, 2016 жылдың басына қарай бір доллар үшін 340 теңге деңгейіне жетті.

2015 жылғы девальвацияның салдары қандай болды? Біріншіден, импорттық тауарлар мен қызметтердің құны айтарлықтай өсті, бұл халықтың сатып алу қабілетіне әсер етті.

Екіншіден, инфляция қарқын ала бастады. 2015 жылы қымбатшылық көрсеткіші 13,6%-ды құрады.

Үшіншіден, халықтың нақты табысы төмендеді. Салдарынан көптеген азаматтардың жинақтары құнсызданып, нақты табыстарының төмендеуіне байланысты қиындықтарға тап болды.

Төртіншіден, экспорттаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылды. Экспортқа бағытталған компаниялар теңгенің арзандауына байланысты уақытша жеңілдіктерге ие болды.

Мәселені шешу үшін Үкімет қабылдаған шаралар реті:

  • Халықтың осал топтарын қолдау үшін әлеуметтік төлемдерді арттыру.
  • Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасын қабылдау.
  • Банк секторы мен валюта нарығына бақылауды күшейту.

Сарапшылардың айтуынша, 2015 жылғы девальвация Қазақстан үшін маңызды сабақ болды. Ол экономиканың сыртқы күйзелістерге осалдығын және кіріс көздерін әртараптандырудың маңыздылығын көрсетті. Құбылмалы валюта бағамына көшу ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін күрделі, бірақ қажетті қадам болды.

Қазақстандағы девальвацияның себептері

Қазақстан үшін бұл экономикалық процесс өте маңызды. Өйткені ел әлемдік тауар нарықтарымен, әсіресе мұнай, газ және металдармен тығыз байланысты. Қазақстандағы девальвацияның себептері неде?

Бірінші, шикізат экспортына тәуелділік. Қазақстан экономикасы мұнай және басқа да табиғи ресурстар экспортына тәуелді. Себебі Қазақстан қазынасына кіретін кірістің басым бөлігі «қара алтыннан» түседі. Сондықтан әлемдік мұнай бағасының құлдырауы елге түсетін валюталық түсімдердің азаюына әкеледі, нәтижесінде бұл теңгені әлсіретеді.

Екінші, алтын-валюта резервтерінің азаюы: ұлттық валютаның бағамын қолдау әрекетінде Қазақстан Ұлттық банкі өзінің резервтерін пайдалана алады. Дегенмен олардың азаюы бағамды төмендету немесе жағдайға қарай түзету қажеттілігіне әкеледі.

Үшінші, жаһандық экономикалық дағдарыстар: Қазақстан экономикасына қысым жасап, капиталдың елден сыртқа кетуіне және валютаның әлсіреуіне себеп болды.

Төртінші, инфляциялық процестер: инфляцияның жоғары болуы теңгенің сатып алу қабілетінің төмендеуіне де ықпал етеді.

Мұның салдары қандай?

  1. Импорттық тауарлар бағасының өсуі: Қазақстандағы тауарлардың көпшілігі импортталады, сондықтан теңгенің әлсіреуі тұрмыстық техниканың, дәрі-дәрмектің, автокөліктің және басқа да тауарлардың қымбаттауына әкеледі.

  2. Халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі: ұлттық валютаның биржадағы саудада құнсыздануы азаматтардың еңбекақысы мен жинақтарының да құнын төмендетеді. Бұл олардың қаржылық жағдайының нашарлауына әкеледі.

  3. Қарыздық жүктеменің артуы: шетел валютасында алынған несиелер қымбаттай түседі. Жалақысын теңгемен алатын қазақстандықтар үшін, табысын теңгемен алатын бизнес үшін де бұл ауыр салмаққа айналары сөзсіз.

  4. Экспорттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру: девальвация қазақстандық тауарларды арзанырақ етеді, осылайша сыртқы нарықта MADE IN KZ өнімдерін тиімді бола түседі.

5. Елдің қарызы артады. Девальвация елдің сыртқы қарызының құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Егер қарыз шетел валютасында болса, оған қызмет көрсету және өтеу ұлттық валютаны көбірек қажет етеді. Бұл мемлекетке қаржылық қиындықтар туғызып, оның қарыздық жүктемесін арттыруы мүмкін.

6. Халық сенімі азаяды. Халық ұлттық валютаға сенімін азайтып, оның жинақтарын шетел валютасына айырбастайды. Өйткені, құнсызданған, тұрақсыз валютада инвестиция сақтау қауіпті.

Ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы шаралар

  1. Экономикалық әртараптандыру: шикізат экспортына тәуелділікті азайту және ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі сияқты экономиканың басқа секторларын дамыту сыртқы күйзелістерге осал тұсымызды нығайтуға көмектеседі.

  2. Қорларды жинақтау: алтын-валюта қорларының жеткілікті деңгейін құру және қолдау. Бұл дағдарыстар кезінде валюта нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

  3. Халықтың қаржылық сауатын арттыру: азаматтарды жеке қаржыны басқаруға және жинақтарды әртараптандыруға үйрету валютаның құнсыздануынан болатын шығынды барынша азайтуға көмектеседі.

  4. Инфляцияны бақылау: инфляцияны мақсатты шектерде ұстау үшін тиімді ақша-несие саясатын жүргізу.

Теңгенің құнсыздануы Қазақстан экономикасы үшін күрделі сынақ болып қалуда. Дегенмен Үкімет экономиканы әртараптандыру, тиімді макроэкономикалық саясат және халықтың осал топтарына қолдау көрсету арқылы ел жағымсыз факторларды барынша азайтып, тұрақты экономикалық даму жолында жағдай жасай алады.

Девальвацияның оң әсерлері де болуы мүмкін

Атап айтқанда төл валютаның құнсыздануының бірнеше жағымды жағы бар.

Мәселен, туристер саны артуы мүмкін. Девальвация елді туристер үшін тартымды ете алады. Ұлттық валюта құнының төмендеуі шетелдік туристер үшін елге баруды арзандатады. Бұл туризм индустриясын дамытып, экономикаға шетел валютасын тартуы мүмкін.

Экспортты ынталандыру. Девальвация экспортталатын тауарлар мен қызметтерді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ете алады. Ұлттық валюта құнының төмендеуі экспортталатын тауарларды шетелдік сатып алушылар үшін арзандатады, бұл экспортты арттырып, экономикалық өсуді ынталандыруы ықтимал.

Ішкі нарықты ынталандыру. Девальвация отандық тауарлар мен қызметтерді импортпен бәсекеге қабілетті ете алады. Импорттық тауарлардың қымбаттауы тұтынушылардың жергілікті өнімді сатып алуға көшуіне әкеледі. Аталған жағдай өз кезегінде ішкі нарықтың өсуін ынталандырады және жергілікті өндірушілерді қолдайды.

Девальвацияны қалай еңсеруге болады?

Девальвацияны еңсеру үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Маңызды қадам макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру және ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіру.

Сонымен қатар ақша-несие саясаты да маңызды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру және капитал қозғалысын шектеу сияқты жергілікті валютаның құнын бақылау шараларын қолдана алады. Бұл ұлттық валютаға қысымды төмендетуге және оның құнын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Шетелден инвестициялар тарту. Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту валютаны нығайтуға және экономикалық дамуға ықпал етеді. Ол үшін меншік құқығын қорғау, инвестициялық ахуалды жақсарту және бюрократиялық кедергілерді азайту сияқты шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау қажет.

Тағы бір шара – халықаралық ынтымақтастық. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сияқты халықаралық қаржы институттарына жүгінуге болады. ХВҚ қаржылық көмек көрсетіп, девальвацияны еңсеруге көмектесетін экономикалық реформаларды ілгерілете алады.

Активтердің құнын сақтау

Девальвация кезеңдерінде банктер несие мөлшерлемесін көтеріп, қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейтеді. Сондықтан жаңа несие алу немесе ескісін қайта қаржыландыру қиынға соғады. Бұл ретте, мөлшерлеме құбылмалы болмаса, қазірдің өзінде алынған несие немесе ипотека шарттары өзгермейді. Алайда, егер несие шетел валютасында алынған болса, бағамның өсуіне байланысты оған қызмет көрсету қымбаттайды. Сондықтан несиелер тек табыс табатын валютада ғана алынуы керек.

Валюта құнсызданған кезде ақшаны қалай үнемдеуге болады

Жинақтарды әртараптандырудың бірнеше жолы бар. Оның бірі шетел валютасын сатып алу. Мысалы, АҚШ доллары мен Қытай юані тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Дегенмен, валютаны шотқа жай ғана сақтаудың қажеті жоқ, бағалы қағаздар сияқты активтерге инвестиция жасауға болады. Алайда мұндай тәуекелдер бар.

Облигациялар. Мұндай бағалы қағаздар АҚШ долларымен де, еуромен де, қытай юанімен де инвестициялауға мүмкіндік береді.

Алтынға инвестиция жасау. Бұл бағалы металл жинақтарды сақтаудың сенімді құралы болып саналады. Оның жарамдылық мерзімі жоқ, дефолт және күрт құнсыздану қаупі жоқ. Өйткені ақшадан айырмашылығы, оны әлемдегі бірде-бір орталық банк басып шығара алмайды.

Еске сала кетсек, биыл теңгенің айналысқа енгізілгеніне отыз бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында ұлттық валюта валюта АҚШ долларына қатысты 100 есе құнсызданған. Нақтырақ айтқанда, 4,69 теңгеден 494 теңгеге дейін құнын жоғалтты. Оның ішінде, 1994 жылы бір доллар 10 теңгеден, 50 теңгеге дейін әлсіреді. Кейін 1998 жылы 83 теңгеге дейін құнсызданды

Ал кейінгі айларда төл валюта бағамы тағы құбыла бастады. АҚШ валютасы 485 теңгеден 524 теңгеге дейін әлсіреді. Сарапшылар мұны Ресей рубльнің арзандауымен байланыстырды. Ал Ұлттық банк интервенция жүргізіп, жағдайды түзетуге тырысуда.

Сондай-ақ оқыңыз