Алматы облысының тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін
Алматы облысының тауларында 1-2 қаңтар күндері қар көшкіні жүруі мүмкін. Бұл туралы облыстық құтқару қызметі хабарлады.
«1-2 қаңтарда туристер мен демалушылардан қар көшкінінің ықтималдығына байланысты қарлы беткейлерге шықпай, тауда барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз», – деп хабарлады ведомство.
Алматы облысының аумағында Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде орналасқан 55 учаскеде көшкін қаупі бар. Негізінен қар көшкінінің түсуі күннің жылуы мен жауын-шашынның көптігінен болады.
Бұдан бөлек, «Қазгидромет» синоптиктері бірнеше өңірде дауылды алдын ала ескерту жариялады.
1 қаңтарда Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында кейде қарлы боран, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Атырау облысында көктайғақ күтілуде.
Түнде Қостанай облысы мен Ұлытау облысында қарлы боран күтіледі. Қарағанды облысында қар аралас жаңбыр жауады.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қар жауып, тұман түседі. Жамбыл облысында жауын-шашынсыз, тек тұман түседі.