Жаңа Орлеанда көлік көпшілік арасына кіріп, 10 адам қаза тапты
АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласының орталығындағы көлік Бурбон көшесінде көпшілік адам арасына жоғары жылдамдықпен кіріп, 10 адам қаза тауып, ондаған адам ауыр жарақат алған. Бұл туралы Fox News басылымы жазды.
Шабуыл Астана уақытымен сағат 14:15 шамасында болған. Көпшілікті қағып өлтірген жүргізуші көліктен түсіп, жиналғандарға оқ жаудырған.
Оқиға орнына полиция мен өзге де қауіпсіздік күштері келіп, шабуылдаушымен атыс болған. Әзірге 30 адамның әртүрлі деңгейде жарақат алып, 10 адамның қайтыс болғаны хабарланды.
CBS News арнасының ақпаратына сүйенсек, Жаңа Орлеан полициясының өкілі алдын ала мәліметтер бойынша, көлік бір топ адамға соғылған. Зардап шеккендер туралы ақпарат әлі де толығуы мүмкін. Себебі оқиға орнынан ауруханаға жеткізілгендер саны есептеліп бітпеген.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына жақын арада Бурбон көшесінің маңына бармауды сұрады.
Айта кетейік, 20 желтоқсанда Германияның Магдебург қаласындағы Рождество базарына шабуыл жасалып, күдікті азамат қара BMW көлігімен базарға соқтығысып, 5 адам қайтыс болып, 4О адам ауыр жағдайда, 90 адам орташа ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Шабуылдаушы Германиядан саяси пана алған Сауд Арабиясының азаматы болған. Оқиға орнында полиция оны ұстау барысында атып өлтірген.