«Қаңтар» оқиғасынан бері үш жылда Қазақстанда не өзгерді?

Жарияланды (жаңартылды )
Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты
Қаңтар оқиғасынан кейін сотталғандар / Фото: Аскар Ахметуллин

Биыл Қаңтар оқиғасына 3 жыл толады. 2022 жылы қаңтардың 2-сі мен 11-і аралығында Қазақстанның бірнеше өңірінде наразылық шаралары өтті. Тоқаев бұған «төңкеріс, билік пен қоғамдағы тоқырау, азып-тозуы» деп баға берді. Қаңтардан кейін «Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан» құрамыз деген уәде берілді. Ендеше сол 3 жыл ішінде елде не өзгерді? KursivMedia шолуын ұсынамыз.

Қайтарылған миллиардтар

Қаңтар оқиғасынан кейін президент елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы мәлімдеді. Елде қайтарылған активтерді басқару компаниясы пайда болды. Бас прокуратураның хабарлауынша, осы жұмыс аясында ел қазынасы 177 млрд теңгеге толыққан.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы шетелдегі Түркия, Ресей, Франция, БАӘ тәрізді елдердегі жылжымайтын мүлік, көліктер мен бағалы әшекейлерді аукцион арқылы сата бастады. Нақты ол дүниенің кімге, қандай шендіге тиесілі екені хабарланған емес. Әзірге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айналасындағы кейбір адамдардың есімдері белгілі.

Мәселен, осы жылы жазда Назарбаевтың ағасының баласы Қайрат Сатыбалды мемлекетке жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын активін қайтарды. Оның ішінде жылжымайтын мүлік, пәтерлер, компания акциялары мен көліктер бар.  Ал Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 90 млрд теңгенің активін қайтарды. Дәл осы тізімде экс-президенттің туған інісі Болат Назарбаев, күйеу баласы Тимур Құлыбаев және Қайрат Шәріпбаевтің есімдері бар.

Ағайындылардың  соты

Іс шетелдегі дүниені қайтарумен біткен жоқ. Бұрын биліктің ең жоғары эшелонында отырған, «элиталы топқа» жататын тұлғалардың үстінен іс қозғалды.

Осы жылдағы ең ірі сот процесінің бірі – Қайрат Сатыбалдыға қатысты. Ол қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстата отырып, заңсыз қолма-қол ақша жасағаны үшін айыпталды. Сондай ақ оған Қылмыстық Кодекстің «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Сатыбалдыұлы алты жылға сотталып, кейіннен шартты түрде босатылды.

Оның шетелдегі заңсыз иеленген мүлкі, ел ішіндегі компаниялар 12 млрд теңгеден аса зиян тигізуі және биліктің оған жол беруінің өзі көп сұрақ туғызды.

Екінші сотты болғанның бірі – Самат Әбіш. Ол ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. Оны лауазымын асыра пайдаланды деп айыптап, шартты түрде бас бостандығынан айырды.

Қызығы, экс-президенттің екі бауыры да кінәларын толығымен мойындады.

Мемлекетке опасыздық жасаған Мәсімов

Осы жылы сәуірде ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті сот 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оны «отанына опасыздық жасады, елдегі билікті заңсыз басып алмақ болды» деп айыптады. Бұл сот ел тарихындағы ең шулы, ең есте қалатын процестің бірі екені даусыз. Премьер-министр лауазымына дейін көтеріліп, Назарбаевтың ең жақын адамының біріне айналған Мәсімовтің сотталуы қоғамда резонанс туғызды.

Бірақ сот Самат Әбіш тәрізді «құпия» деген грифпен және жабық режимде өтті.  Ал оны «өз қолымен өсірген» экс-президент Мәсімовті «Иуда сатқын» деп атады.

«Мәсімовпен ұзақ жыл бірге жұмыс істедік. Бірақ Исус Христос жанында отырған Иуданың сатқын екенін білді ме?», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы.

Осы жылы жолы болған деп әзірге Қайрат Боранбаевты атауға болар. Ол 2022 жылы наурызда мемлекет мүлкін талан-таражға салды деген айыппен 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ Боранбаев кінәсін мойындамады. 2024 жылы қазанда сот оның жазасын шартты түрге ауыстырып, қарашада ол қамаудан босатылды. Бәлкім жоғарыда айтқан 90 млрд теңгенің активін қайтаруы себеп болған шығар. Одан бөлек Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына тағы 66 млн доллар аударды.

«Қаңтар ісінен» кейін айыпталғандар тек бизнесмендер мен саяси элита өкілдері ғана емес. Ел ішінде «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев және кәсіпкер, медиада танымал Қайрат Құдайберген де істі болды. Бірақ олардың процесі жабық режимде өтіп жатыр.

Құдайберген мен Жұмагелдиевтен бөлек істе 45 адамның тізімі бар. Оларға билігін асыра пайдалану, қарақшылық шабуыл, тәртіпсіздікті ұйымдастыру деген айып тағылды.

Сондай-ақ оқыңыз