Қаржы әлемін көбірек түсінуге көмектесетін 7 фильм

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media архивінен

Инвестиция, трейдинг – қазір таңсық ұғым емес. Құнды қағаздармен жұмыс істеп, оны қосымша табыс көзіне де айналдыруға болады. Қаржы әлемі жайлы тереңірек білгілеріңіз келсе, назарларыңызға трейдерлер мен брокерлер жайлы ең ерекше жеті фильмді ұсынамыз.

Фильм атауы: Үлкен әрі кішкентай (The Big Short)

Жылы: 2015 ж, АҚШ

Жанры: драма комедия, биография

Режиссер: Адам МакКей

Фильм не жайлы: бұл америкалық туындыда 2008 жылғы әлемдік дағдарыс жайлы баяндалады. 2005 жылы Майкл Бьюрри есімді америкалық трейдер нарықты зерттеп отырып, ипотека нарығына үлкен қауіп төніп тұрғанын, нарықтың құлдырауы мүмкін екенін анықтайды. Оны өз пайдасына шешіп, жақсы табыс табады. Бьюрридің стратегиясын басқа ойыншылар да қайталап, үлкен олжаға кенелді, бірақ қарапайым адамдар зиян шеккені бар.

Неге көру керек: фильм «Оскар» сыйлығын алды, басты рөлдерде Кристиан Бейл, Стив Каррель, Брэд Питт пен Райан Гослинг ойнайды. Әрине, фильмді Питт үшін ғана көруді ұсынбаймыз. Туынды 2008 жылғы әлемдегі ең үлкен экономикалық дағдарыстың себебін түсіндіруге тырысады. Қарапайым көрерменде инвестиция, акция мен облигациялар нарығынан түсінік қалыптасады. Бұл жерде режиссерлер қызық әдісті пайдаланған. Кейіпкерлер қиын, күрделі ұғымдарды бір-біріне немесе тікелей көрерменге түсіндіріп отырады.

Фильм атауы: Инсайдерлер (The Insider)

Жылы: 2010 ж, АҚШ

Жанры: документал

Режиссер: Чарльз Фергюсон

Фильм не жайлы? 2008 жылғы экономикалық дағдарыс жайлы тағы бір зерттеу еңбегі. Жалпы сол жылғы дағдарыс адамзат тарихындағы ең үлкен тоқыраудың бірі болды. Оның шығыны 20 трлн доллар деп бағаланды, миллиондаған адам жұмыстан шығып, баспанасынан айырылды. Режиссердің өзі Чарльз Фергюсон 2008 жылғы дағдарыс жайлы ойланған, нәтижесінде деректі фильм пайда болады.

Неге фильміңізді көруіңіз керек? Фильм көркем туынды емес. Бұл жерде сол кездегі нарықта жұмыс істеген, ішінен білетін банкирлер, саясаткерлер, қаржыгерлердің сұхбаты бар, олар дағдарыстың себептері жайлы ашық баяндап береді

Фильм атауы: Уоррен Баффет атан

Жылы: 2017 ж, АҚШ

Жанры: деректі фильм

Режиссер: Питер У.Кунхардт

Фильм не туралы: әлемдегі ең бай және ең қарапайым миллардер атанған Уоррен Баффет жайлы деректі фильм. Мәселен, шетелдік журналистер оның 50 жыл бұрын сатып алған үйінде әлі тұрғанын және жұмысына жүргізушісіз көлікті өзі айдап баратынын жазады. Баффет түрлі бизнеске инвестиция салып, ол табысқа шыққан кезде өзі де пайда табады. Berkshire Hathaway-дің ең үлкен ережесі – Баффет сенбейтін салаларға инвестиция салмайды.

Неге фильмді көру керек? Фильмде Баффеттің өзінен, оның отбасынан, әріптестері мен серіктестерінен сұхбат алған. Әрқайсысы Уоррен жайлы, оның табысқа жету құпиясы жайлы пікір білдіреді. Фильмде миллиардердің қарапайым әрі нағыз өмірі бар, оның бизнесі мен өмірлік қағидаларынан хабар береді.


Фильм атауы: Миллиардтар

Жылы: 2016 ж, АҚШ

Жанры: драмалық сериал

Режиссер: Дэмиэн Льюис, Пол Джаматти

Фильм не туралы: Нью-Йорктың қақ ортасында өмір сүретін бизнесмен мен федералды прокурордың талас-тартысы туралы туынды. Басты кейіпкер Бобби Аксельрод – қаржы генийі, инвестиция мен трейдингте қыруар пайдаға кенелген кәсіпкер. Бірақ оның барлығы адал жолмен келген жоқ. Қаржылай қылмыскерлермен күресетін прокурор Чак Роадс Боббидің осы өтірігін әшкерелеуге тырысады.

Фильмді неге көруіңіз керек: сериал бірінші минуттардан-ақ көрерменді қаржы әлемімен таныстырады. Уолл-стрит тұрғындарының күнделікті өмірі бейнеленген. Сериалды қарап отырып, хедж-қор, инсайдерлік ақпарат, трейдинг тәрізді күрделі ұғымдарды қарапайым түрле түсінуге болады.

Фильм атауы: Бақыттың артынан қуу

Жылы: 2006 ж, АҚШ

Жанры: драма

Режиссер: Габриэль Муччино

Фильм не туралы: әлемдегі ең үздік фильмдер қатарына енген, барлық рейтингтерде ең жоғары көрсеткішке жеткен туынды. Миллиондармен ойнайтын Уолл-Стрит нарығы емес. 5 жасар баласымен баспанасыз қалып, үйсіздерге арналған орталықта тұруға мәжбүр болған жалғызбасты әке Крис. Ақша табу үшін брокерлік компанияға жұмысқа тұрады, бірақ алдымен 6 ай тегін тағылымдамадан өтуі керек

Фильмді неге көруіңіз керек: туынды көпшілік ойлағандай ақшаның тез, оңай келмейтініне тағы бір дәлел болады. Брокер болу – ұзақ уақытқа ойнай білу. Төзімділік пен табандылықты талап етеді.

Фильм атауы: Өтірік сиқыршысы

Жылы: 2017 жылы, АҚШ

Жанры: драма, биография, криминал

Режиссер: Барри Левинсон

Фильм не туралы: фильмнің сюжеті өмірде болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер Бернард Мейдофф 1960 жылдары өзінің фирмасын ашады, біраз уақыттан кейін ол ірі инвестициялық қордың біріне айналады. Берниді қаржы нарығы брокер, қаржы консультанты, филантроп ретінде таниды. Бірақ 2008 жылы соңғы он жылда инвестициялық қордан ең ірі қаржы пирамидасына айналғаны анықталды. Мейдоффтың бизнес империясы қирап, өзін 150 жылға түрмеге қамайды. Оған қаржысын сеніп тапсырған мыңдаған клиенттері ақшасыз қалады.

Фильмді неге көруіңіз керек: бұл туынды қаржы сауатын арттырамын деген оқырмандар үшін жақсы нұсқаулық болады. Қаржы пирамидасының қалай жұмыс істейтінін ішінен жақсы түсіндіреді.

Фильм атауы: Дефолт

Жылы: 2018 жылы, Оңтүстік Корея

Жанры: драма, тарихи

Режиссер: Чхве Гук-ки

Фильм не туралы: 1997 жылы оңтүстік кореялық үкімет үлкен қиындықпен бетпе-бет келді. Корея Банкінің ақша-кредит саясаты бойынша бөлім басшысы елді қаржылай дағдарыс күтіп тұрғанын айтады. Шенеуніктер дағдарыстан сақтану үшін Халықаралық валюталық қормен келіссөздер жүргізіп, қарыз алуына тура келеді. Бірақ оның теріс салдары бар.

Фильмді неге көруіңіз керек: экономикада болатын қаржы дағдарысының қайдан пайда болатынын және оның қарапайым адамдар өміріне қалай әсер ететінін жақсы түсінуге болады. Жаңалықтардан еститін «ХВҚ несие беретін болды» деген ақпараттың шын мәнінде қандай маңызы барын түсіндіреді.

Сондай-ақ оқыңыз