Қазақстандағы су ресурстарының 44,3%-ы трансшекаралық өзендер есебінен толығады

Жарияланды
Қазақстандағы трансшекаралық өзендер мәселесі өте өзекті/ фото: М. Тажкуранов

Ел экономикасын дамытуда және халықты су ресурстарымен қамтамасыз етуде трансшекаралық өзендер маңызды рөл атқарады.

Қазақстан су қорын жинау үшін  Қытай Халық Республикасымен (Ертіс, Іле, Емел өзендері), Ресеймен (Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс), Қырғызстанмен (Шу, Талас) және Өзбекстанмен (Сырдария) мәміле жасайды.

Жалпы Қазақстан негізгі ірі трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Олардың ең ірісі – Ертіс болса, ең кішісі – Талас өзені.

Ұзындығы бойынша атап өтсек:

  • Ертіс – 4248 км,
  • Жайық – 2428 км,
  • Сырдария – 2212 км,
  • Іле – 1439 км,
  • Шу – 1186 км,
  • Талас – 661 км.

Көрші елдерге қаншалықты тәуелдіміз?

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша еліміздегі өзен-көлдің 55,7%-ы республика аумағында қалыптасады, ал 44,3%-ын трансшекаралық өзендер толықтырады.

Трансшекаралық өзендер мәселесін шешу үкіметаралық келісімдер арқылы жүзеге асады. Осыған байланысты трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мақсатында Қазақстан көрші мемлекеттермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Соған сәйкес үкіметаралық бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары қызмет атқарады.

«Кісідегінің кілті – аспанда» демекші, экономикалық байланыс, геосаяси жағдай, дипломатиялық қатынас – барлығы да қоңсы отырған мемлекеттермен мәміледе болуды талап етеді. Олардың аумағында өзендер бастауы орналасқанын ескермесе болмайды.

Көршілес елдермен келіссөздер барысында тараптар жұмыс ауқымын саралайды және әртүрлі бағыт бойынша ақпарат алмасады:

  • трансшекаралық өзендердің су шаруашылығы мәселелері,
  • көктемгі су тасқынының өтуі,
  • су қоймаларының толтырылуы,
  • халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету шарттары,
  • су ресурстарының мемлекеттік мониторингі,
  • су қорғау іс-шараларының орындалуы.

 Қазақстан Республикасының Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 42 жаңа су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылысты қайта жөндеу қарастырылған. Бұл көршілес мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділікті 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекетаралық келісім мәні

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия елдері маңызды құжатқа қол қойған. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан «Мемлекетаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» 1992 жылы 18 ақпандағы келісім аясында жұмыс істейді.

Одан кейін бірқатар құжат пакеті қабылданды:

  • «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы» ереже (2000 жылы, 21 қаңтар);
  • «Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы келісім (2001 жылы, 12 қыркүйек)
  • «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісім (2010 жылы, 7 қыркүйек).

Көрші мемлекеттер қанша көлемде су жіберді?

Қазақстан көрші елдермен вегетациялық кезеңде мемлекетаралық су беру кестелерін бекітті.

Қырғызстан: 2024 жылы Бішкек Шу өзені бойынша 180,37 млн, Талас өзені бойынша 380 млн текше метр су беруге келісті.

«Талас өзенінің бассейні бойынша 418,0 млн текше метр су алды, бұл жоспарланған көлемнен 38 млн текше метр артық. Шу өзені  бойынша су алу 100%-ды құрады, яғни келісілген 180,0 млн текше метр су келді», – деп хабарлады Су шаруашылығы министрлігі.

Ресей: Жайық өзенінде орналасқан Январцево гидробекетінің мәліметіне сәйкес Ресей Федерациясы 2024 жылы 19,3 км3 көлемінде су жіберді (2023 жылы 7,8 км3).

Қытай: Ертіс өзенінде орналасқан Боран гидробекетінің мәліметіне сәйкес 2024 жылы 11,9 км3 көлемінде су келді (2023 жылы – 7,85 км3), Іле өзеніндегі Добын гидробекетінің ақпараты бойынша 2024 жылы 12,2 км3 көлемінде су келді (2023 жылы – 10 км3).

Өзбекстан: 2024 жылы Шардара су қоймасына вегетациялық кезең қорытындысы бойынша 4,8 км3 көлемінде су келіп түсті.

Шардарадағы су көлемі ұлғаяды

2024 жылдың 6 қарашасында Ашғабад қаласында Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы өкілдерінің қатысуымен мемлекетаралық үйлестіру су комиссиясының отырысы өтті. Осы отырыста 2024-2025 жылдар бойынша Нарын-Сырдария каскады, оның ішінде Тоқтоғұл, Бохри-Точик, Шардара, Чарвак, Андижан су қоймалары жұмысының болжамды кестесі бекітілді.

Кестеге сәйкес екі жылдағы вегетацияаралық кезеңде Шардара су қоймасына келетін су көлемі шамамен 10938 млн текше метр құрауы тиіс, ал «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 488 млн текше метр көлемінде белгіленді.

Жайыққа арналған жол картасы

Қазақстан Үкіметі ресейлік тараппен бірлесіп Жайық өзені бассейнінде зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты арттырудың Бірыңғай жол картасындағы іс-шараларды жүзеге  асыруды бастады.

Бірыңғай жол картасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу, соның нәтижесінде су қоймаларын пайдалану ережелеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Су тасқыны кезінде өзен бассейнінде орналасқан су қоймаларының жұмыс режимдерін синхрондау көзделген. Аталған шаралар жайылманы сумен толтыруға, уылдырық шашатын жерлерді тазартуға және Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қажет су ағынын өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су тасқыны кезеңінде  тараптардың іс-қимылдарын үйлестіру үшін Қазақстан-Ресей трансшекаралық су ағындары бойынша бірыңғай жұмыс тобы құрылды.

Су тасқынын Қазақстан тиімді пайдалана алды ма?

2024 жылдың көктемін қарсы алу Қазақстан үшін оңай бола қойған жоқ. Су тасқыны салдарынан бөгеттер бұзылып, инфрақұрылымдар қирады. Тұрғындар баспанасыз қалып, мал қырылды.  

Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің дерегіне сай былтыр су қоймаларына 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Бұл – рекорд көрсеткіш. Қоймаларға 12 млрд текше метрден астам су тасқын нәтижесінде құйылды.

«Тасқын суын дұрыс бөлу су қоймаларын толтырып қана қоймай, кейінгі жылдары құрғауға айналған өзендер мен көлдерге, шабындықтарға, табиғи жайылымдарға және басқа да айдындарға су жіберуге мүмкіндік берді», – деп  мәлімдеді ведмсвто.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келді, бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су келді. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су барды. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады.

Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне ағын су жетті.

Арал, Балқаш, Каспий суға кенелді

Былтыр Арал, Каспий теңіздеріне және Балқаш көлінің гидрологиялық жағдайы едәуір өзгерді.

2024 жылы Солтүстік Аралға Сырдария өзені арқылы 2,37 млрд текше метр су барды. 440 млн текше метр су қоймаға артық құйылды (2023 жылы  – 1,93 млрд текше метр).  Орташа көпжылдық шама – 2,38 млрд текше метр. Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы су көлемі шамамен 22 млрд текше метрді құрайды.

Балқаш көліне 2024 жылдың басынан бүгінге дейін Іле өзені арқылы 15,4 млрд текше метр су жетті. Аталған кезеңге 2023 жылы 11,4 млрд текше метр су барған еді. Балқаштың қалыпты су деңгейі 341 метр деп есептелінеді, қазіргі уақыттағы абсолютті деңгейі – 341,45 метр.

Каспий теңізіне Жайық өзені арқылы жыл басынан бері 17 млрд текше метрден астам су жетті. 2023 жылы екі есе аз көлемде – 8,44 шаршы шақырым су ғана барған.

«2024 жылы аталған су объектілеріне мол көлемде су  жетті, сондықтан гидрологиялық ахуалы қалыпты екендігін хабарлаймыз», – деп мәлімдеді министрлік.

GIZ ұйымы – кеңесші

Су шаруашылығы министрлігі «Климаттық әсерді ескере отырып Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару» жобасы  шеңберінде Орталық Азия елдері халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен (GIZ) жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су бекеттерін автоматтандыру жобасын бірлесіп атқаруға келісті. Тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы 10 басым учаске тізбесін айқындады.

Сондай-ақ бұл жұмысқа GIZ кеңесші ретінде тартылды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық объектілердегі суды мониторингілеу мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесі үшін техникалық-экономикалық негіздемені 2025 жылы әзірлеу жоспарланып отыр.

Трансшекаралық өзендер мәселесі өте өзекті

Қазақстандағы трансшекаралық өзен-көлдер проблемасын шешу Үкіметтен кешенді жұмысты талап етеді. Іле, Ертіс, Сырдария және Жайық сияқты өзендер көрші елдерден бастау алғандықтан, олардың арнасын толтыру жайы тараптар келісіміне тәуелді. Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан тарапынан су тұтынудың артуы өзендердің ағысы мен экологиялық тепе-теңдігіне кері әсер етеді. Арал теңізі мен Балқаш көлі сияқты маңызды су қоймаларының экологиялық жағдайы трансшекаралық өзендер көлемінің азаюымен нашарлай түсуде. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық келісімдер, суды ұтымды пайдалану стратегиялары және экожүйелерді қорғау шаралары қажет.

Трансшекаралық өзендер мәселесі – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау тұрғысынан маңызды жаһандық мәселе. Бұл мәселенің туындауының негізгі себептері – су ресурстарына деген сұраныстың артуы, климаттық өзгерістер және мемлекеттер арасындағы экономикалық және саяси мүдделер қайшылығы. Мәселені шешу үшін халықаралық ынтымақтастық пен құқықтық-нормативтік құжаттарға негізделген келісімдер қажет.

Су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктерін енгізу және ортақ мүддеге сай жұмыс істеу маңызды. Заманауи технологиялар мен су үнемдеу әдістерін қолдану арқылы су тапшылығын азайтуға болады. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді күшейту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды арттыру қажет.

Мемлекеттер арасында ашық диалог орнату және су ресурстарын әділ бөлісу мәселесінде сенімділікті нығайту маңызды рөл атқарады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен ортақ мониторинг жүйесін енгізу өзендердің ластануын болдырмауға ықпал етеді. Экологиялық білім беру мен халықты ақпараттандыру да мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі. Осындай кешенді тәсілдер арқылы трансшекаралық өзендер проблемаларын реттеп, болашақ ұрпаққа таза әрі жеткілікті су ресурстарын сақтап қалуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз