Қазақстандағы тау-шаңғы курортына баратындардың көбі шаңғы теппейді  

Жарияланды (жаңартылды )
Күндізгі жаңалықтар редакторы
"Жылжымайтын мүлік" бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанның барлық тау курортында қысқа маусым басталды. Жаңа маусымда курорттардың барлығы жабдықтарын жаңартып, сырғанайтын жаңа аймақтардың ашылғаны жайлы хабарлады.

«Курсивтің» тапсырысы бойынша United Research Technologies Group (URTG) компаниясы қазақстандықтардың отандық тау-шаңғы курорттарында уақыттарын қалай өткізетіні жайлы сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы бойынша қазақстандықтардың тек 14%-ы ғана өмірлерінде бір рет болса да, тау-шаңғы курорттарында болғаны белгілі болды. Ал сауалнамаға қатысқандардың (сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 1600 адам қатысты) орта есеппен 9,8%-ы үнемі, нақтырақ айтсақ, маусым басталғанда бір рет болса да курорттарға барады екен.

Қазақстандықтар көбіне Алматыдағы тау-шаңғы курорттарында демалады. Сауалнамаға қатысқандардың 63,8%-ы бір рет болса да Shymbulak-ты көрген, Oi-Qaragai-да  (18,5%) және «Ақ-Бұлақта» 13%-ы болған.

Көш басында тұрған тау-шаңғы курорттарының қатарына Түркістандағы «Тау Самалы» (8,5%),  Алматыдағы «Табаған» (5,8%) және ШҚО-дағы «Алтай Альпісі» (4,3%) кірді.

Сауалнамаға қатысқандардың да тау курорты бар өңірдің адамдары екені де түсінікті. Алматы мен Алматы облысынан сұраққа жауап бергендердің 25,7% және 19,3%-ы тау курортына бір рет қана барған. Ал Шымкенттен 16,1%, Түркістан облысынан 12,1%-ы және ШҚО-дан 17,7%-ы болған. Осы орайда бір айта кетерлігі, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан, Абай облыстарының тау курортында болған респонденттері 6%-дан аспады.

URTG сауалнамасынан көргеніміздей, курорттарға барғандардың басты мақсат шаңғы немесе сноуборд тебу емес. Курортқа баратындардың жартысынан көбі (59,9%) таудың таза ауасымен тыныстап, демалу үшін барады. Тау курортында бір рет болса да болғандардың әрбір үшіншісі шаңғы тепсе, әр бесіншісі сноубордта жүйкиді екен. Ал табиғаттың сұлулығын тамашалау үшін баратындар 12,8%.

URTG сауалнамасындағы тенденция жалпы әлемдікке сәйкес келеді.

Алматы тау кластері

Елдің ең басты тау курорты – Shymbulak – 2024-2025 қысқы маусымда тап осы тау атмосферасына жақсы көретіндер, сондай-ақ енді шаңғы теуіп үйреніп жүргендер үшін жағдайды жақсартты.

Курорттағы он шақты мейрамханалар мен бар қатарына Le Mont мейрамхана-отель қосылды.  

Келесі жылдың басында бұл жерде ақпарат орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар демалыс үшін суретке түсетін, дәмхана мен «Биіктік орталығы» фирмалық дүкені ашылмақ. Ал Талғар асуындағы 3200 метр биіктікте орналасқан мейрамхана өрттен кейін әлі қалпына келмеді.

Балалар мен шаңғы тебуді енді бастап жүргендерге тұрақты қар жабыны болу үшін «Ақ аю» трассасында қолдан қар жаудыру жүйесі ұйымдастырылған. «Профессор» трассасының оң жағында жаңа көтергіш қойылған. Енді бұл трассаның оң жағы мен сол жағынан да көтергіш бар. Комби-1 трассасында жарықтандыру жақсарды. «Енді түнде шаңғы тебуге келгендер бұрын жаман көрінген жерлерде қиындықсыз тебетін болады», – дейді Shymbulak-тың операциялық қызмет басшысы Александр Руденко. Курорттағы негізгі трассаларда тас аз болады. Курорт қызметкерлері жазда беткейлерге қара топырақ төгіп, мың шаршы метрден астам жерге шөп төсеген.

Сондай-ақ Shymbulak қар нығыздайтын неғұрлым қуатты машиналар, қосымша 24 жылжымалы қар генераторы сатып алып, қар қабатының деңгейіне қойылатын талаптарды арттырды. «Халықаралық стандарттарға сәйкес, нығыздалған қардың нормасы 30 см болса, биыл біз өзіміз үшін көтеріп, оны 40 см-ге жеткіздік», – дейді Руденко. Оның айтуынша, бұл қардың бетін сырудан сақтайды. «Әрбір сноубордшы шаңғы тебу кезінде күн сайын бір текше қарды жылжытатынын білесіз бе? Қонақтарымыз көп болған сайын соншалықты қар да көп жылжиды», – деп түсіндіреді ол.

480 мың адамға есептелген курорт қазір жылына 1,5 млн турист қабылдайды. Оның жартысы жазда, жартысы қыста келеді. Қыста демалғанды ұнататындарға мейрамхана мен дәмханада басқа альпинистік эмоцияларды танып көрсе болады. Ол үшін биылғы маусымда ашылған Alpine Park бар.

Oi-Qaragai курорты

Oi-Qaragai курорты бастапқыда отбасылық болып ашылған. Сол себепті бұл жердегі демалыс шаңғы мен сноуборд тебуімен ғана шектелмейді.

Курортта он шақты мейрамхана мен дәмхана, оның ішінде биік тауда орналасқан Eighteen twenty 1820 мейрамханасы бар. Қыста курортта атқа мініп серуендеуге болады. Сондай-ақ Oi-Qaragai курортында Азиядағы ең ұзын «Тянь-Шань рухы» троллей бағытында саяхаттап, moonbike теуіп, арқанға өрмелеп, садақ атып, жаяу серуендеуге болады.

Қазір курортта Aqtas үстіртінде жаңа сырғанау аймақтарын дайындау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл жер дайын болғасын Oi-Qaragai тау-шаңғы трассасының ұзындығы 70 шақырымға дейін ұзарады. Трассалардың жартысын және жаңа көтергіштер осы маусымда ашылу керек. Сондай-ақ бұл жерлерде жаңа қонақүйлер мен мейрамханалар салынады.

Өткен жылы Oi-Qaragai курортына 650 мыңға жуық адам келген, оның 370 мыңы қыста демалған. Сырғанайтын жаңа аймақтар қосылғаннан кейін, курортқа келушілер саны 1 миллионға дейін артуы мүмкін.

Алматы тау кластері негізгі тау курорттарының арманы – тау-шаңғы трассаларын біріктіру. Бірнеше аспалы көліктерді пайдалану арқылы курорттар арасында жалпы ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайтын жалғыз шаңғы аймағын құруға болады. Бұл жоба туристер ағынын біркелкі бөлуге көмектеседі.

«Алматы тау кластері шегінде Shymbulak курортын Pioneer және Oi-Qaragai курорттарымен қосу арқылы кеңейту бойынша жол картасы жасалды. Бұл жоба шаңғымен сырғанаушылардың санын бір мезетте 19,5 мыңға дейін, ал туристердің жалпы санын жылына 3,5 миллионға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп жаңалықпен бөлісті Shymbulak курортының PR менеджері Арина Мальковская. «Құжаттарды бекіту процесі 2025 жылы өтеді, ал жобаның басталуы 2026 жылға жоспарланған».

ШҚО-дағы тау кластері

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша ШҚО-да төрт негізгі тау-шаңғы кешені бар. Олардың ішіндегі ең үлкені Өскемен жанындағы Глубоковский ауданындағы «Нұртау» мен «Алтай Альпісі». Алматыдағы тау кластеріне қарағанда ШҚО-дағы курорттарға қонақтарға әзірге тек қыста ғана келеді.

ШҚО-дағы ең үлкен курорт – «Нұртау» қалталы қонақтар демалатын жер. 2021 жылға дейін өңірге келген туристердің көпшілігі осы жерде демалған. Осы жылдың ортасына дейін курорт «БИПЭК АВТО – Азия Авто»  иелігінде болды. Алайда иесі ауысқаннан кейін, курорт екі маусым жұмыс істемеді. 2023-2024 жылдың қысында шаңғы трассалары қайта ашылып, қонақтарды қабылдай бастады. Instagram-парақшасынан байқағанымыздай, курорт осы маусымда да жұмыс істеп жатыр. Бірақ та жергілікті әкімдіктің «Нұртау» курортының жоспарынан хабары жоқ болып шықты. «Нұртау» тау-шаңғы курорты 2023-2024 жылдардың қысқы маусымында жұмыс істеді. Ал 2024-2025 жылдағы қысқы маусымда жұмыс істейтіні туралы ақпарат жоқ. «Нұртау» тау-шаңғы кешенінің қазіргі иесі туралы да ақпарат қолда жоқ», – деп жауап берген жергілікті туризмді дамыту бөлімі «Курсивтің» сауалына.

«Алтай Альпісі»

Бүгінгі таңда ШҚО-дағы ең танымал курорт–  «Алтай Альпісі». URTG сауалнамасы мәліметіне сүйенер болсақ, ШҚО респонденттерінің 52,8%-ы бұл жерде болған. Курортта жалпы ұзындығы 15 шақырысм болатын 12 трасса мен 5 көтергіш бар. «Алтай Альпісінің» өткізу қабілеті  Shymbulak-қа қарағанда біршама аз. Күніне тек 1,6 мың ғана адам қабылдай алады. Туризмді дамыту бөлімінің мәліметінен курортқа жылына 40 мыңға жуық адам келетінін білдік.  Shymbulak-қа жаңа жылдық 3-4 күн демалыста тап осынша адам келеді. «Алтай Альпісі» курортында қар көп. Бұл оның басты ерекшелігі. Курортта шаңғы тебуден басқа пантоемделу мен орыс моншасы бар.

Өңірде жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» курортын салу жоспарының талқыланғанына да он жылдың жүзі болды. Курорт Риддерге жақын жерде теңіз деңгейінен 850-ден 1860 метрге дейін биікте орналасуы мүмкін. Бұл жерде 70 шақырымға дейін тау-шаңғы трассасы, сондай-ақ жарыс шаңғыларына арнап 10-30 км трасса салмақ. Жоба бойынша трассаға бір мезгілде 10 мың адам шыға алады. Жобаны «Ұлытау» базасын салып бастамақшы. Ол жерде аспалы жолдар, тау-шаңғы трассасы, шаңғы-биалтлон стадионы, трамплин, шана тебетін трасса, қонақүй кешені болады. Алайда әзірге орман қорынан тау-шаңғы курорты үшін жер алынып жатыр.

Түркістан тау кластері

Бүгінде Түркістан облысындағы ең танымал тау-шаңғы базасы «Тау самалы». База Төлеби өңірінің бөктерінде, Нысанбек ауылының үстінде орналасқан. Шымкенттен сауалнамаға қатысқандардың 29,9%-ы, Түркістан облысынан 28%-ы кем дегенде бір рет тау-шаңғы курортына барғандар. Мұнда шаңғы мен сноуборд теуіп, орыс моншасына немесе фин саунасына баруға және жабық бассейнде жүзуге болады.

Түркістан облысында ұзақ уақыттан бері салынып жатқан «Қасқасу» таулы демалыс орны бар. Оны Шымкенттен 65 шақырым жердегі аттас шатқалда салу идеясы 2000-шы жылдардың ортасында пайда болды. Олар жобаға шетелдік инвесторларды тартуға тырысты. Бірақ он жылдан бері демалыс орнының құрылысы басталмады. Құрылтайшылары сол кездегі Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ойрат Мамиров пен Вячеслав Бакиев (ол кезде БАӘ Президентінің Қазақстандағы өкілі) болған шымкенттік «Эристайл -KZ» компаниясы жобаны 2010 жылдардың аяғында қайта бастауды өз мойнына алды.

«Эристайл-KZ» Қазақстанның Даму Банкінен жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім беруде, бірақ өтінім әлі қаралу үстінде. Жобаны МЖӘ арқылы «Kaskasu Resort» ЖШС іске асырады. Бұл компанияның құрылтайшылары қазір «Түркістан» ӘКК және South Kazakhstan Construction Company ЖШС. Атауының өзгеруіне қарамастан, мемлекеттік емес серіктестің негізгі акционерлері бұрынғысынша – Мамиров (қазіргі уақытта «Атамекен» өңірлік палатасының мүшесі) және Бакиев, бірақ олардың қатарына тағы үш адам қосылды: Айгүл Нысанбекова, Тимур Момбеков және Нұрата Айтбенбетов.

Төлеби ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазір Kaskasu Resort  жобасының бірінші кезеңі – жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын 15 шаңғы  трассасының, жеті шаңғы көтергіші, 150 бөлмелі қонақүй мен сегіз адамдық кемпингтің құрылысы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта трассалар саны екі есеге, олардың ұзындығы 28,7 шақырымға, шаңғы көтергіштерінің саны 12-ге дейін, орналастыру орындарының саны 833 бөлмеге дейін ұлғаяды.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің мәліметі бойынша жобаға 1 553,4 млн теңге инвестиция тартылып, жалпы күтілетін инвестиция көлемі 48,9 млрд теңгені құрайды. Қаржы бөлінсе, жоба екі жыл ішінде аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз