Аэрофобия деген не? Одан қалай арыламыз?
Соңғы уақыттарда әлемнің түкпір-түкпірінде болған ұшақ апаты жайлы ақпар көп адамның үрей тудырып, ұшаққа отыру қорқынышын арттырды. Бұл медицинада Аэрофобия деген ұғыммен тіркелген. Сонымен, Аэрофобия деген не? Онымен қалай күресу қажет? Бұл сұрақтардың жауабын KursivMedia материалынан оқи аласыз.
Аэрофобия деген не?
Аэрофобия сөзі ежелгі грек тілінен aer – ауа, phobos – қорқыныш болып аударылады. Мағынасына қарай ұшақпен ұшудан қорқу дегенді білдіреді.
БҰҰ жүргізген зерттеуге сәйкес, әлемдегі адамдардың шамамен 75% ұшудан мүлдем қорықпайды. 15% адам ұшу кезінде алаңдаса, 10% адам ұшудан қатты қорқып, ұшақтан гөрі жермен немесе сумен жүретін көліктерді таңдауды жөн санайды.
Әсіресе әлем аралап, шетел көргісі келетін адамның алдын қиын таңдау тұрады. Саяхаттан бас тарту немесе уақыт жоғалтып басқа жолды таңдау қажет. Немесе қорқыныш пен үрейді жеңіп, әлемдегі ең қауіпсіз саналатын көлікпен сапар жасау қажет.
Аэрофобияның себептері
Аэрофобиясы бар адамның әрқайсысында әртүрлі себептер бар. Мазасыздық пен қорқыныштың тұтас кешені әуе кеңістігінде қорқынышқа байланысты. Біреу биіктіктен қорқады, келесі бір адам иллюминаторға қарай алмайды. Біреу ұшақтардың техникалық жағдайына, ұшқыштардың біліктілігіне алаңдайды. Әуе компаниясы мен борттағы ең қауіпсіз орынды мұқият таңдайды. Кей адамдардың ұшақ апаттарынан кейін қорқынышы күшейеді. Жабық кеңістікте отырудан қорқатын адамдар да бар. Денсаулық жағдайы нашарласа, әуеде қажетті көмек болмай қалуы мүмкін деген де қорқыныш болады.
Қалай арыламыз?
Негізінен кез келген фобиямен күрес сынды аэрофобияны да арнайы маманмен бірге қарау қажет. Маман әр адамның жеке себептеріне байланысты қажетті терапияны жасап береді. Деген әуе сапары кезінде мазасыздық немесе қорқыныш пайда болатын адамдарға ортақ ұсыныс бар:
- Сапарға алдын ала дайындалып, ұшудан бірнеше күн бұрын, режимді сақтап, ұйқыңызды қандырып, дұрыс тамақтанып, серуендеп, психоэмоционалды жағдайыңызды ретке келтіріңіз.
- Қосымша уайым болмас үшін қажетті заттарды алдын ала дайындап қойыңыз. Багаж бен қол жүгін тасымалдау ережелерін қарап, рұқсат етілген мөлшерді анықтаңыз.
- Өзіңізге ыңғайлы орынды алдын ала таңдап, кезекте тұрып, қобалжымас үшін онлайн тіркеуден өтіңіз.
- Паспорттық бақылау кезінде алаңдамас үшін әуежайға ертерек шығыңыз.
- Ұшу кезінде не істейтініңізді ойланыңыз. Сүйікті музыка, қызықты кітап немесе фильм көңіл бөліп, уақытты жақсы өткізуге көмектеседі.
- Әуе компаниясының қызметкерлеріне жүгінуден тартынбаңыз. Бортсерікпен тілдесу, жағымды көңіл күй сыйлап, экипажға деген сенімді арттырады.
- Ұшу кезінде мазасыздана бастасаңыз тыныс алу жаттығуларын жасаңыз: Мұрынмен терең демалып, ауыздан шығару қажет.
- Сапарға шығар алдында немесе ұшу кезінде алкоголь ішпеңіз. Тыныштандыратын дәрі-дәрмекті тек дәрігердің нұсқауымен ғана ішуге болады.