«Аталық безім, әйелдердің тілі ұзын, абориген емеспіз»: аңдамай сөйлеп, күлкі мен сынның астында қалған депутаттар кімдер?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
2024 жылы депуттаттар қандай сөзімен ел есінде қалды? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы халық қалаулылары болған депутаттар да Мәжілісте түрлі есте қаларлық мәлімдемелер жасап, қоғам назарын өздеріне аударды. Бірі әйелді 15 тәулікке қамауды ұсынса, енді бірі олардың «тілі ұзын» деп көпшіліктің ашуын туғызған. Тағы бір депутат парламенттегі қызметкер әйелге қырындағаны үшін мандатынан айырылып тынды. Осы және өзге де қоғам назарын аударған депутаттардың шулы мәлімдемелері мен әрекеттеріне Кursiv.Мedia тілшісі шолу жасап шықты.

Баққожаев: «Әйелдердің тілі ұзын»…

Жыл басында Анас Баққожаевтың «әйелдердің тілі ұзын» деген мәлімдемесі қоғамда біраз талқыға түскен болатын. Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйелдердің өздері түрткі болатынын айтқаны сол-ақ екен, артынша сынның астында қалды.

Анас Баққожаев «басқа пәле тілден» екенін алға тартып, әйелдер  соның кесірінен «таяқ жейтінін» түсіндірген.

Фото: kursiv.media архиві

«Ұрыстардың барлығы тегінен шықпайды. Кішкене ерлерді де түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды, сол жанжал неден туындайды? Әрине, әйел тілінің ұзындығынан. Барлық әйелдер кешірсін мені, бірақ ондай да фактілер бар», – деп мәлімдеген Анас Баққожаев.

Баққожаевтың әріптесі Жарқынбек Амантай да бұл ойды қостап әкетті. Тұрмыстық жанжалға тек қана ер адамдарды кінәлай беруге болмайтынын алға тартқан. Ол күйеуі 15 күнге қамалған әйелді де 15 күн оқшаулап, жауып тастауды ұсынып, көпшіліктің ашуына тиген еді.

«Менің аталық безімді кесіп тастаса…»: тағы да Баққожаев

Депутат Баққожаевтың күлкілі ұсынысы мен мәлімдемесі мұнымен бітпеді.  2024 жылдың соңында жануарларды кастрациялау мәселесі талқыланған жиында  мәжілісменнің сөзі тағы да көпшілік назарын аудартты. «Бір аталық безімді кесіп тастаса, өзімді сау адам ретінде сезіне алмаймын» деген депутат  жануарларды кастрациялауға қатысты қарсылық білдірді.

Мәжіліс қызметкеріне қырындаған депутат

«Ақ жол» партиясының депуттары да биыл ел назарында болды. Әсіресе, партия құрамындағы Асқар Садықовтың әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. Мәжіліс қызметкеріне қырындап, қысым көрсетті деп басы дауға қалған депутат, ақыр соңы партия қатарынан шығарылып, мандатынан айырылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев депутаттың былығын көпшілікке жайып салған еді.

Коллаж: kursiv.media

Перуашевтың айтуынша, парламентте жұмыс істейтін бір әйел адам Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданған. Оған дәлел ретінде партия төрағасы Садықовтың WhatsApp желісінде әйелге жазған жазбаларының скринін көрсетті. Онда экс-депутаттың қызметкерден бала сүйгісі келетінін, тіпті оның қолынан сірке суын ішуге дайын екенін жазған хаттары тарады. 

Депутаттық мандатынан айырылған экс-мәжілісмен Асқар Садықов жұмыс орнында қызметкерге қырындағанын жоққа шығарды. Экс-мәжілісмен өзінің депутаттық мандатынан айырылып, партиядан шығарылуын «лас ойын» деп бағалайды.

Мас адамды білемін, масс-медиа дегенді бірінші рет естіп тұрмын

Масс-медиа терминінің мағынасын түсінбейтінін айтып, министрден «масс» деген сөздің мағынасын сұраған депутат Самат Мұсабаев сондағы әріптестерін күлкіге қарық қылды. «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңды талқылау барысында депутат сұрақ қоямын деп күлкіге қалды.

Ринат Зайытов популист депутат па?

Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов та жиі сынға ілігіп жүретіндердің қатарында. Тіпті оны «популист депутаттар» тізіміне де қосып қойған. Бірақ  мәжілісмен бұл пікірмен келіспейді.

«Мен онымен келіспеймін. Өйткен популистік ұстаным маған қажет емес. Менің танымал болғаныма 20 жылдан асып кетті»,- дейді депутат.

Фото: kursiv.media

Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын үнемі айтып жүретін депутат бұл жолы да министрлер кабинетінің жұмысына оң баға бермеді. Зайытов шешім шығаруда баяу қимылдайды, тіпті тасбақа жүріс деп сынап тастады.

Жыл басында Зайытовтың бір балаға 466 теңгені жеткізіп беру туралы министрлікке қойған сұрағы да танымал болып кеткен еді.

Мобилограф ертіп жүретін депутат кім?

Белгілі спортшы, парламент мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровтың да айтқан мәлімдемелері мен әрекеттері үнемі сынға қалып жатады. Биыл да оның әрекеті жұрттың ашуына тиді. Әсіресе, Талғардағы марқұм Шерзаттың ауылына және қаралы үйге мобилограф ертіп барған әрекеті көпшілікке жақпай қалды. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша Талғарға барған журналистердің қойған сауалына «алдымен көріп алайын» деп жауап берген. Қаралы үйге емес, тойға барғандай деген сын қарша борады.

Айтпақшы, Түркістанды арақсыз қала қыламыз деп бірнеше рет бастама көтерген де осы Назаров еді.

Сіз күлмеңіз, біз сізге Африкадағы абориген емеспіз Еділ Жаңбыршин

Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana компаниясының президенті Питер Фостерге шүйліккені де біршама уақыт қызу талқыға түсті. Мәжілісте депутаттар әуе билет бағасының тым шарықтап кеткенін айтқан тұста, компания басшысының миығынан күліп отырғаны депутаттың ашуын оятты. Әсіресе, депутат Жаңбыршин эмоцияға ерік беріп, компания басшысына ұрсып тастады.

Коллаж: kursiv.media

 «Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз, осы жерде. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңе түсінбейтін. Ойнамаңыз. Бұл парламент! Осы жерде отырғандардың барлығы халық сайлаған адамдар», – деген еді депутат.

Осылайша, биыл халық қалаулысы болған депутаттар қазақстандықтарды таңғалдырудан жалықпады. Халықтың сөзін сөйлейміз, толғандырған мәселелерін билікке жеткіземіз деген депутаттар арасында осындай мәлімделемелер жасап, артынша өздері сынның астында қалып жататыны бар.

Сондай-ақ оқыңыз