Медициналық 8 анықтама цифрлық форматқа ауыстырылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар цифрлық форматқа көшеді / Фото: kursiv.media архиві

Енді елімізде медициналық анықтаманың 8 түрі қағаз жүзінде талап етілмейді. Санитарлық кітапшалар мен медициналық анықтамалар цифрлық форматқа көшеді. Бұл жайында Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, жаңа жылдан бастап жеке медициналық кітапшалар беру, есепке алу және жүргізу электронды форматқа көшіріледі.

«Аталған тетікті енгізу азаматтарға құжатты бірден бірнеше ұйымға ұсынуға мүмкіндік береді, бұл олардың уақыты мен қаражатын үнемдейді. Бүгінде 1,6 млн-ға жуық қазақстандықтың санитарлық кітапшасы бар»,-делінген хабарламада.

 Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қағаз түрінен электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Өзгеріс 8 медициналық анықтамаға қатысты: 

  • Еңбекке жарамсыздық парағы;
  • 075/у «Медициналық анықтама»;
  • 026/у «ДКК қорытындысы»;
  • 073/у «ТҚ басқаруға рұқсат беру туралы анықтама»;
  • 069/у «Санаторий-курорттық карта»;
  • 052-2/у «Бала денсаулығы паспорты»
  • 076/у «Қаруға рұқсат алу»;
  • 038/у «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама».

Құжаттар үшінші қолға азаматтардың келісімімен ғана «еDensaulyq» бөлімінде медициналық деректерге қол жеткізу мүмкіндігі бар «eGov mobile» қосымшасы арқылы беріледі. Бұдан бөлек, балаға екпе салуға рұқсат беру немесе бас тарту да электронды түрде тіркеледі. Егер екпе салынған пациент вакцинадан кейінгі асқынуларға шағымданған жағдайда ғана әрекет алгоритмі өзгереді. Дәрігер дереу көмек көрсетуге, электронды хабарлама ресімдеп, оны мемлекеттік органдарға тапсыруға міндетті болады.

Сондай-ақ оқыңыз