Тоқаев уақыт белдеуін ауыстыру туралы зерттеу 1 наурызға дейін жүргізілетінін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев болып жатқан жағдайдың бәрін көріп-біліп отырғанын айтты / Фото: kursiv.media архиві

Президет  Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне көлемді сұхбат берді. Соның ішінде  біраз уақыттан бері қоғам наразылығын тудырып келген уақыт белдеуіне қатысты өз ойын айтты.

Президент жағдайдың бәрінен хабардар екенін, көріп-біліп отырғанын айтады.

«Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет»,- деді мемлекет басшысы өз сұхбатында.

Тоқаев тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікір ескерілетінін айтты. Сондай-ақ 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласқанын еске салды. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келеді деп сенеді.

Осыған дейін бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттеуге кететін шығын екі есеге қысқарғаны жайлы хабарлаған едік. Осыған дейін үш жылдық зерттеуге 160 млн теңге жұмсалуы мүмкін деген Ғылым және жоғары білім министрлігі соманы 54 миллион теңгеге дейін қысқартып тастады.  

Ал елдің бас онколог дәрігері табиғи уақыт белдеуіне сай келмейтін аймақта тұратындарда қатерлі ісік қаупі жоғары екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз