«Теңгені күшейту үшін алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз»: Тоқаев экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа бағалады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев экономист басшылар әдемі сөйлегенімен, нәтижесі бар шаруа шамалы екенін айтты / Фото: kursiv.media архиві

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда доллар бағамының 500 теңгеден асып кеткеніне, ұлттық валютаның тұрақсыздығына қатысты өз пікірін білдірді. Президент бұл мәселеде елдегі экономист басшылардың жұмысына орташа баға беріп отыр. Әдемі сөйлегенімен, нақты нәтижесі бар шаруа шамалы екенін айтады.

Президент Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайтынын атап өтті.  Доллардың ны­ғаюы­нан дамушы елдердің валютасы қысым көретінін де еске салды.

 «Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды. 
Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын»,- деді Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында.

Тоқаев валюта тұрақтылығы мен доллар мәселесінде  экономист басшылардың  жұмысына көңілі толмайтынын да ашық айтты.

«Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет»,- деп түйіндеді Президент.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде долларды сатып алуға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Ұлттық банк тамыз айында «Қазақстандағы валюталық операцияларды жүргізу қағидаларына» өзгеріс енгізген. Соған сәйкес, бір күнде 50 мың доллардан асатын валюта сатып алғысы келген заңды тұлға валюта келісімшартын ұсынуы керек. Бұл дегеніңіз сатып алған валютаны қайда жұмсайтынын құжат арқылы негіздеуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз