Бразилияда Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшігін» оқу басталды – БАҚ

Жарияланды
Фото: kursiv.media архиві

Бразилияда Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшігін» оқу басталды. Бұл туралы әзербайжандық Report ақпарат агенттігі бразилиялық G1 порталына сілтеме жасап хабарлады. Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының әуе кемесі 2024 жылы желтоқсан айының соңында апатқа ұшыраған болатын.

«Қара жәшіктерден» алынған деректер Бразилия әскер әуе күштерінің (Força Aérea Brasileira – FAB) мамандарының қатысуымен талданатын болады.

«Алынған мәліметтер Қазақстандағы авиаоқиғаларды зерттеу басқармасына беріледі. Бұл агенттік апатты зерттеп, талдау жүргізуге жауапты», – деп нақтылады FAB.

25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer ұшағы Ақтау маңында құлаған. Бортта 67 адам болған, оның ішінде бесеуі – экипаж мүшесі. 38 адам қаза тапты.

29 желтоқсанда Көлік министрлігі апаттың себебін анықтау үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Бразилияның авиациялық оқиғаларды зерттеу және алдын алу орталығы (CENIPA), Мемлекетаралық авиация комитеті (МАК) және Embraer компаниясының өкілдері қатарынан 17 халықаралық сарапшы Ақтауға келгенін хабарлады.

30 желтоқсанда Қазақстан AZAL әуе компаниясы ұшағының қара жәшігі оқу үшін CENIPA-ға жіберді.

Сондай-ақ оқыңыз