2024 жыл соңында экономикадағы іскерлік белсенділік баяулады
Былтыр жыл соңында экономикадағы іскерлік белсенділік баяулаған. Ұлттық банк зерттеуіне сенсек, көрсеткіш 50,7-ні құрады.
Негізінен іскерлік индекстің төмендеуіне қызмет көрсету секторы (50,6) мен тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі (48,8) индекстің өзгеруі себеп болып отыр. Әзірге тек құрылыс саласындағы іскерлік көрсеткіші жақсы өскен. Желтоқсанда индекс 50,5-тен 52,9-ға дейін өскен.
Инфрақұрылым секторында да айтарлықтай оң өзгеріс болған. Ал өзге факторлар (бизнесті қорғау мәселесі, салық жүктемесі, қаржы/кредитке қолжетімділік) теріс бағаланды.
Жыл соңында елдегі бизнес ахуалдың индексі де бәсеңдеді.
«Бизнес жүргізудің қазіргі жағдайын бағалау көрсеткіші нашарлады, бірақ баға оң мәнге ие болып қалды. Болашақ бизнес-жағдайларға қатысты оптимизм өзгеріссіз қалды. Бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсуі аймағында қалды. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, олардың өнімдеріне/көрсетілетін қызметіне сұраныс бәсеңдеді», – деп жазылған Ұлттық банк зерттеуінде.