2025 жылғы нарық үшін маңызды бағыттар, банктер климаттық альянстан шыға бастады

Жарияланды
net zero
Фото: Shutterstock

The New York Times 2025 жылы АҚШ нарығында қалыптасатын негізгі үрдістерді айқындайтын дүниелерді анықтады. «Климаттық күн тәртібі» сәннен қала бастады. «Санта-Клаус раллиінің» болмауы биылғы сәтсіздіктердің басы ма? 4 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

2025 жыл: нарықтағы маңызды оқиғалар

NYT 2025 жылы АҚШ нарығында қалыптасатын негізгі үрдістерді айқындайтын дүниелерді анықтады.

Антимонополиялық реттеуді жеңілдету. Трамптың бастамасымен жүзеге асатын бұл шара бірігу мен жұтылу мәмілелерін ынталандырады. Энергетика, банк, медиа, фармацевтика және жасанды интеллект салалары басты назарда болмақ.

Илон Масктың Трамп командасына қосылуы. Миллиардерге Үкімет тиімділігін арттыру департаментінен тең төрағалық қызметі ұсынылды. Алайда оның құзыреті мен бағдарламасы әзірге белгісіз. Кейбір сарапшылар Масктың үкіметтік агенттіктерге әсері зор әрі күтпеген жағдайларға әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Америкалық корпорациялардың қызметкерлерді кеңсеге қайтаруы. Бұл коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығын жандандыруы мүмкін. Бірақ кәсіподақтармен қақтығыс туындау қаупі де жоқ емес.

Энергетикалық инфрақұрылымның жасанды интеллект жарысындағы рөлі. Халықаралық энергетика агенттігі деректерді өңдеу орталықтарына деген энергия қажеттілігі 2026 жылға қарай екі есе артатынын болжап отыр.

SoftBank 2025 жылы Apollo инвестициялық компаниясымен бірге жасанды интеллектіге 20 млрд доллар көлемінде инвестициялық қор құруы мүмкін. Бұл оқиға нарықтағы маңызды өзгерістердің бірі болмақ.

Трамп Украина мен Ресейді бейбіт келіссөзге тартудан нәтиже шығара алмаса да қорғаныс секторына инвестициялар өсе береді. Ал 2025 жылғы басты мәселе – АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысының» қайта тұтану қаупі. Бұл әлемдік экономикаға соққы болуы мүмкін.

Уолл-стрит банктері климаттық альянстан шығып жатыр

Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне кірісетін күні жақындаған сайын америкалық ірі кредиторлар БҰҰ қолдайтын климат өзгерісіне арналған Net-Zero (NZBA) банктік коалициясынан шыға бастады.

Желтоқсан айында альянстан Citigroup, Bank of America, Wells Fargo және Goldman Sachs банктері шықты. Ал бейсенбі күні Morgan Stanley де альянстан іргесін аулақ салатынын мәлімдеді. Бірақ бұл қадам бұлардың климатқа қатысты мақсаттарынан бас тартатынын білдірмейді.

2021 жылы құрылған NZBA-ға қосылу кезінде банктер климаттық міндеттемелерді басты басымдық ретінде жарнамалады. Алайда Республикалық партияның ықпалы күшейген соң АҚШ-та «климаттық күн тәртібі» сыналып, мұндай альянстар белгілі бір салаларға ғана инвестиция салатын «климаттық картель» ретінде атала бастады.

АҚШ Париж климаттық келісімінен 2017 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде шығып, 2021 жылы Джо Байденнің тұсында қайта қосылған болатын. 2024 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде Politico басылымы Трамптың АҚШ-ты аталған келісімнен қайта шығару жоспары бар екенін жазды.

Екінші жыл қатарынан «Санта-Клаус раллиі» болған жоқ

Уолл-стритте екінші жыл қатарынан «Санта-Клаус раллиі» болған жоқ. «Санта-Клаус раллиі» дегеніміз – S&P 500 индексінің жыл соңындағы бес сауда күні мен келесі жылдың алғашқы екі күніндегі өсімі.

Бұл нарық үшін маңызды белгі. Өйткені 1945 жылдан бері Санта-Клаус кезеңіндегі раллидің 74%-ында S&P 500 индексінің орташа жылдық өсімі 10,4%-ды құраған.
Дегенмен, оптимистер бұл жағдайға қарап тұтас 2025 жылға қатысты қорытынды шығаруға болмайды, дейді.

Stock Trader’s Almanac басылымының өкілі Джефф Хирш (Санта-Клаус раллиінің заңдылығын анықтаған Йель Хирштың ұлы) маңызды қорытындыларды тағы екі маусымдық көрсеткішті ескергенде ғана жасауға болады, деп есептейді. Екі көрсеткіш дегеніміз – жылдың алғашқы бес сауда күніндегі S&P 500 нәтижелері және «қаңтар барометрі» (ай бойындағы индекстің өзгерісі).

«Тарихтан белгілі, қаңтар жақсы басталса, әдетте, нарық та жыл бойы сирек құлдырайды. Бірақ бұл да кепілдік емес», – деді CFRA компаниясының бас инвестициялық стратегы Сэм Стовалл.

Сондай-ақ оқыңыз