Күзетшіні сабап өлтірген экс-депутаттың ұлының ісі сотқа түсті
Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін өлтірген бұрынғы депутат Саламғазы Тастандиевтің баласы Асқар Тастандиевтің ісі сотқа жолданды. Айыпкер бұдан бөлек тағы бір эпизод бойынша күдікті деп танылған, деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Ер адам қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағы (аса қатыгездікпен кісі өлтіру) және 147-баптың 5-бөлігі (адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз тарату) бойынша айыпталып отыр.
«Бірінші эпизод бойынша сотталушы 2024 жылдың наурыз айында Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін өлтірді деп айыпталуда. Сонымен қатар тергеу сотталушыны өзінің танысы А-ға қатысты әлеуметтік желілер арқылы интимдік сипаттағы бейнероликтерді таратқаны үшін айыптайды. Сот отырысы тағайындалған жоқ» делінген сот хабарламасында.
Ескерте кетейік, 2024 жылғы 29 наурызда ер адамның көлікпен күзетшіні қағып, кейін қатігездікпен соққыға жыққан видеосы тараған. Күзетші алған ауыр жарақат салдарынан ауруханада тіл тартпай кетті. Қыркүйек айында ер адамың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Прокуратура мұны айыпталушының психикасының бұзылуымен түсіндіріп, күдікті стационарлық бақылаудан өткеннен кейін істі тергеу қайта басталатынын айтқан.