Украина Курск облысында шабуыл бастады: тараптар не дейді?

Жарияланды
Украина қарулы күштері Ресейдің Курс облысында шабуылын жандандырғанын хабарлады/фото: shutterstock

Украина қарулы күштері Ресейдің Курс облысында шабуылын жандандырғанын хабарлады. Бұл туралы ВВС-дің орыс қызметі жазды.

Украина жағының деректері

Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Андрей Коваленко Курск облысында ресейлік әскерге бірнеше бағытта шабуыл жасалғанын жазды.

Артынша бұл жөнінде Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та мәлім етті.

«Курщина, жақсы жаңалықтар: Ресей өзіне лайықтысын алып жатыр», — деп жазды Андрей Ермак.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, 3-4 қаңтар күндері Курск облысындағы Махновка ауылы маңында Ресей Солтүстік Кореяның бір батальондық жаяу әскерін және ресейлік десантшыларды жоғалтқан.

«Бүгін және кеше тек Махновка ауылы маңындағы шайқастарда ресейлік әскер Солтүстік Кореяның бір батальондық жаяу әскерін және ресейлік десантшыларды жоғалтты. Бұл айтарлықтай шығын», — деген Зеленский кешкі үндеуінде.

Зеленский нақты деректерді келтірмеді. Бір батальонда 500-ге дейін әскери қызметкер болуы мүмкін.

Ресей тарапының нұсқасы

Украина Қарулы Күштерінің қарсы шабуылы туралы ресейлік Z-блогерлер де жазды. Олардың қатарында Юрий Подоляка мен Роман Алехин бар.

Сондай-ақ ресейлік күш құрылымдарына жақын Mash Telegram арнасы Украина Қарулы Күштерінің Курск бағыты бойынша «шағын топтармен» алға жылжып жатқанын хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігі болса, Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы шабуылын жанамалай растады.

«Бүгін Мәскеу уақытымен шамамен сағат 9:00-де украин әскери күштері «Ресей әскерінің Курск бағытындағы шабуылын тоқтату мақсатында» Бердин хуторы бағытына десант түсіріп, шабуылдаушы топпен қарсы шабуыл ұйымдастырды» деп мәлімдеді Ресей қорғаныс министрлігі.

Ресей Қорғаныс министрлігі шабуылдаушы топқа тойтарыс берілгенін айтады.

Айта кетейік, былтырғы жыл ішінде Украина қарулы күштері соғыста 3600 шаршы шақырымнан астам аумақты жоғалтқан.

Әсіресе, қараша айында украиналық күштер тәулігіне 20 шаршы шақырымнан артық жерді жоғалтып отырған, деп хабарлады DeepState сервисі.

2024 жылы ең үлкен шығындар Донецк және Харьков облыстарында тіркелген. «Милитарный» басылымының мәліметінше, Донецк облысында жыл бойы ресейлік әскерлердің белсенділігі ең жоғары деңгейде болған.

Сондай-ақ оқыңыз