Арнайы комиссия 10 банк пен 2 микроқаржы ұйымын неге тексеріп жатыр?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Желтоқсан айында арнайы комиссия Қазақстандағы ірі 10 банк мек 2 микроқаржы ұйымын тексеруді бастаған. Бұл комиссияға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері кірген. Олар қаржы ұйымыны несие берерде салалық заңнаманы қаншалықты сақтап отырғанын тексереді. Сонымен қатар, клиенттердің қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың арыз-шағымдарына қалай жауап беретіні зерделенеді.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында жазылған. Жауап Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы өкілдерінің сауалына келген.

Мәжіліс депутаттарының сауалы не туралы?

Жалпыұлттық социал-демекратиялық партия депутаттары: Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова, Наурыз Сайлаубай 2024 жылдың 28 қарашасында премьер-министрге депсауал жолдаған. Онда мәжілісмендер кибералаяқтық мәселесін көтерген. Мәжілісмендердің пайымдауынша, кибералаяқ құрбандарының құқығы толық қорғалып отырған жоқ. Мәселен, тек Қарағанды облысында 290 тұрғынның мойнына алаяқтар 1,6 млрд теңге несие ілген. Алайда олар өздері барып ешқандай несие рәсімдемеген.

Бұл ретте депутаттар «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 34 бабына сілтеме жасай отырып, егер сот үкімімен жәбірленуші деп танылса, банктердің одан қарызды өндіріп алуға құқығы жоқ екенін алға тартады.

Бірақ бұл заңда «несие клиенттің қатысуынсыз рәсімделсе» деген сөз бар. Соған байланысты кибералаяқтардың құрбандарына несиені сыртынан рәсімдегенін дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан депутаттар бұл бап жұмыс істемей тұр, банктер бұл норманы сақтамай отыр деп түжырымдайды.

Бектеновтың жауабы

Премьер-министрдің жауабында банктер жоғарыдағы аталған заң баптарын сақтап отырғаны жазылған. Мәселен, ҚНРДА дерегі бойынша, кибералаяқтардың құрбаны болған 7 мыңнан аса борышкердің несиесін өтеуі, сыйақы есептеу тоқтатылған.

Одан бөлек, Олжас Бектенов 6 желтоқсаннан ҚНРДА, Ұлттық банк, Бас прокуратура мен ІІМ өкілдерінен құралған арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатқанын жеткізген. Тексеріс барысында келесі мәселелер қамтылады: банкке өтініштерді қарау және несие беру, клиенттердің банктік шоттарын ашу және жүргізу кезінде банк заңнамасының сақталуы, қаржы қызмет көрсету кезінде клиенттерді тексеру.

Сондай-ақ, күмәнді және алаяқтық операцияларды анықтау жүйесінің (антифрод жүйесінің) бар-жоғы және қалай жұмыс істеп тұрғаны, банк жүйелері, ақпараттық технологиялар мен мобильді қосымшаларда ақпараттық және киберқауіпсіздік заңнамасын қаншалықты сақтап отырғаны анықталады.

Комиссия клиенттерді биометрия арқылы анықтау, онлайн несие рәсімдеу кезінде қашықтан басқаруды бұғаттау, жалған несие бойынша сыйақы есептеуді тоқтату және қарызды өндіріп алу рәсімдері қаншалықты орындалғанын бағалайды.

Жауапта тексеріс нәтисінде жеке тұлғалардың құқығы бұзылғаны анықталса, арнайы шаралар қолданалатыны жазылған. Соның ішінде зардап шеккен азаматтардан заңсыз өндіріп алынған қаржы есептен шығарылып, не өзіне қайтарылмақ.

«Сонымен бірге, қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылатын болады», – делінген жауапта.

Сондай-ақ оқыңыз