Картоп пен тәтті бұрыш: 2024 жылы Қазақстанда не қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock.com

2024 жылдың соңында инфляция 8,6 пайызды құраған. 2023 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға төмендеді. Десе де, 2023 жылмен салыстырғанда ақылы қызмет бағасы 13,3%-ға көтерілсе, азық-түлік емес тауарлар – 8,3%, азық-түлік тауарлары 5,5% қымбаттаған Бұл – Ұлттық статистика бюросы ұсынған ресми мәліметтер.

Желтоқсан айындағы инфляция мәні – 0,9 пайыз болды. Айлық инфляция құрылымында азық-түлік бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 0,8% өскен.

2024 жылы коммуналдық қызмет қымбаттады

Ақылы қызметтер арасында суық су (43,1%), ұялы байланыс қызметі ( 27%), су бұру (25,7%), жылу (22,3%), ыстық су( 19,2%) мен электр энергиясының тарифтері (18,4%) қымбаттады.

Темір жол билеті бір жылда 25 пайызға қымбаттаса, қалалық автобуста жүру құны 11,8% көтерілді.

Ноутбук пен құлаққаптың бағасы ұшып тұр

Былтыр электроника арасында ноутбуктың бағасы қатты көтерілген. Бұл техника бір жылда 67,3% қымбаттаған. Сонымен қатар, сымсыз құлаққап бағасы – 55,2%, USB флэш-дискі – 54,9%, планшеттікі 45,7% өскені байқалды.

Тәтті бұрыш пен картоп, қызанақ пен қияр құны көтерілген

Азық-түлік арасында былтыр картоп қатты қымбаттап, бір жылда бағасы 37,7% көтерілген. Тәтті бұрыш бағасы – 25,5%, зәйтүн майы – 23%, бас пияз – 21,2%, қызанақ – 20,3%, қияр бағссы 18,8% өсті.

Қарақұмық жармасы (21,4%), сәбіз (8,7%), қант (3,2%), күріш (2,9%), қырыққабат 1,7% арзандаған.

Өңірлер арасында Астанада жылдық инфляция ең жоғары- 10,7% (орташа республикалық деңгейден 2,1 п.т. жоғары). Ең төмені – Алматы облысында 6,6% деңгейінде тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз