2025 жылы теңге бағамы қандай болады?
2024 жылда ұлттық валюта айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ұлттық банк мәліметінше, І жартыжылдықта теңгенің АҚШ долларына орташа айырбас бағамы 449,0 теңгені құрады. Бірақ ІІ жартыжылдықта айтарлықтай әлсірегеніне куә болдық.
Шілдеден желтоқсанға дейін ай сайын әлсіреп, жыл аяғына дейін 1 доллардың құны 524,8 теңгеге дейін құнсызданды. Жалпы алғанда былтыр теңгенің долларға орташа айырбас бағамы 469,11 теңге болды.
Теңге мен рубльдің байланысы әлі де жоғары екенін байқадық
Жоғарыдағы графикке назар аударсақ, бір жыл ішінде теңге мен ресей рублінің долларға айырбас бағамы біркелкі бағытта жүрген. Рубль құнсызданса теңге де артынан құнсызданды. Ал керісінше рубль долларға нығайса теңге де сол бағыттқа ілесіп келді. Бұл әсіресе қараша мен желтоқсан айларында айқын байқалды. АҚШ-тың ресейлік банктерге салған санкциясы әсерінен бірден рубль құнсызданып, өз кезегінде теңгеге айтарлықтай әсер етті.
Теңге: 2025 жылға болжам қалай?
Trading Economics сарапшылары 2025 жылға тоқсан сайын валюталарға арнап өз болжамдарын ұсынды. Мамандар жыл соңына дейін теңгенің доллларға бағамы айтарлықтай өсіп, 1/551,6 теңгеге дейін жетеді дейді. Валюта бағамына әсер етуші басты индекстердің бірі – (DXY) доллар индексі де қазіргі 109,0-ден 112,5 мәнге дейін күшеюі мүмкін. Сонымен қатар ресей рублі де жыл соңына дейін 1 доллардың құны 125,8 рубльге дейін құнсызданады деп болжайды.
Теңге бағамы: Үкімет тым оптимистік болжам жасап отыр
2025 жылдың республикалық бюджетінде теңгенің долларға орташа бағамы – 1/470. Үкімет жыл бойы 1 доллардың құны 470 теңге аралығында болады деп отыр. Айта кетейік, желтоқсан айында Ұлттық экономика министрі 2025 жылға арналған болжамды өзгертпейтінін мәлімдеген.
Өзге қаржы институттарының пікірі әртүрлі болғанымен, үкіметтің оптимистік болжамынан айтарлықтай жоғары. Мәселен, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) 2025 жылға теңге бағамы 545,2 теңге деп болжайды. Ал, AERC сарапшылары былтырғы пікірінде қалды. Олардың ойынша, доллардың құны шамамен 480,8 дәлізінде сақталады.
Еске сала кетейік 2024 жылы 31 желтоқсан теңгенің долларға ресми бағамы 525,10 мәнде жылды аяқтады.