Қостанай мен Қарағанды өңірінен алтын мен сирек металдар қоры анықталды – Өнеркәсіп министрлігі
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылы Қазақстанда жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі туралы хабарлады. Барлау жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды және Қостанай облыстарындағы Күйректікөл және Ақбұлақ учаскелерінен алтын мен сирек металдар қоры анықталған.
Атап айтқанда, Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесінен өнеркәсіпті игеруге қажетті 800 мың тонна шикізат қоры анықталған. Анықталған кен орнының болжамды ресурстары – 935 мың тоннаны құрап отыр. Бұл жерден церий мен лантанид сынды сирек металдар қоры табылған.
Ал Қостанай облысында «Ақбұлақ» учаскесінен 2 алтын қоры бар және 1 алтын және мыс аралас кен орындары анықталған.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылы аукцион арқылы 19 кен орны іске қосылған. Жалпы анықталған кен орындары бойынша аукциондарға жазылу бонусы шамамен 5,3 млрд теңгені құраған.
Сонымен бірге министрлік 2024 жылдың қараша айында 25 кен орны бойынша аукцион жариялаған. Олар бойынша сауда-саттық 2025 жылғы 29 қаңтарда e-qazyna.kz Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында өтпекші.