Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың есепшоттарындағы қаражат айналымы тексеріледі
Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың есепшоттарындағы қаржы операциялары Open API жүйесі арқылы тексеріледі. Үкімет 2025 жылдың 11 қаңтарынан бастап пилоттық жобаны іске қоспақшы. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірлескен бұйрығында жазылған.
Бұл бұйрыққа сәйкес, 11 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың банк шоттары, қалдықтары туралы мәліметтері Ашық бағдарламалық интерфейстер арқылы банкаралық ақпарат алмасу жүйесі (Open API ) арқылы тексеріледі. Бірақ ол үшін өтініш берген адамның рұқсаты керек.
Аталмыш жүйе атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген тұлғалардың ұялы телефон нөмірін тексеріп, 1414 нөмірі арқылы келісім беру жөнінде SMS хабарлама жібереді.
Бұл SMS хабарламаға азаматтар бір жұмыс күні ішінде жауап беруі керек. Азаматтар келіскен жағдайда жүйе жеке тұлғалардың қаржылық операциялары туралы мәлімет сұратады. Осы мәліметтер негізінде уәкілетті органда атаулы әлеуметтік төлем тағайындау жөнінде шешім қабылдайды.
Уәкілетті орган әлеумттік көмекке жүгінген азаматтардың кірі мен шығынын толық тексереді. Салыққа, кредитке, жанармайға, байланысқа, азық-түлікке кететін қаражаты толық тексеріледі.
Пилоттық жоба 2025 жылдың 11 қаңтарынан 1 қарашасына дейін жалғасады.