Ресей шенеуніктері мигранттарды сот үкімінсіз елден шығару туралы шешім қабылдай алады

Жарияланды
Ресей елге келген еңбек мигранттары туралы статистика жариялауды тоқтатты
Ресей шенеуніктері мигранттарды елден шығару туралы шешімді өздері қабылдай алады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бұдан былай Ресейдің Ішкі істер министрлігінде істейтін кез-келген басшы шетелдіктерді елден шығару туралы шешім қабылдай алады. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

Агенттік хабарлауынша, бұл заң 5 ақпанда күшіне енеді. Сол уақыттан бастап Ресейдің Ішкі істер министрлігінің лауазымды тұлғалары бірқатар құқық бұзушылықтар жасаған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды елден әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады.

Ал қолданыстағы заң нормаларына сәйкес шетел азасматын елден шығару туралы шешімді сот қабылдайды. Олардың Ресей аумағына қайта кіруі туралы шешімді шекара қызметінде істейтін жауапты тұлғалар шешетін.

Жаңа нормаларға сәйкес, шетелдіктерді елден шығару туралы әкімшілік шешімді мына қызмет иелері қабылдай алады:

  • аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары;
  • аумақтық органдардың көші-қон мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары;
  • Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарының есірткіге қарсы күрес жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;
  • көліктегі желілік полиция бөлімшелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары.
Мигранттар қандай заң бұзушылықтар үшін елден шығарылуы мүмкін?

Ал мигранттар Ресейге заңсыз кірсе, ел аумағында болу немесе тұру режимін бұзса, елден шығарылуы мүмкін. Бұл шешімге шетелдік азаматтар 10 күн ішінде шағым түсіре алады. Ал елден мәжбүрлі түрде шығарылатын азаматтардың ондай мүмкіндіктері болмайды. Заң талаптарына сәйкес депортацияланатын азаматтар 48 сағат бойы арнайы мекемелерге орналастырылып, еліне жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыз