2025 жылдан бастап зейнетақы қалай есептеледі? Еңбек министрлігі түсіндірді
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері жаңа көрсеткіштер негізінде есептеледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында жарияланған.
Осы жылдан бастап, мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдері Ұлттық Банк бекіткен инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға ұлғайтылған. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға артып отыр. Бұл инфляция деңгейінен 2%-ға артық.
Министрлік хабарлауынша, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 65%-дан 70%-ға дейін ұлғайтылған. Ал ақшаға шаққанда оның көлемі 32 360 теңгені құрайды. Ал оның ең жоғары мөлшері бұл деңгейден 105%-дан 110%-ға дейін артып, 50 851 теңгеге жетіп отыр.
Министрлік келтірген мысалға сәйкес, қазір 150 мың теңге көлемінде зейнетақы алып жүрген зейнеткерлердің ақшасы 170 мың теңгеге артады.
Мәселен, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрады.
Министрлік бұл сомаға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін ескертеді.
Ал мемлекеттік жәрдемақы көлемі былай өзгерген:
- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін өсті. Ал 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайтылған.
- ал ай сайын берілетін көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы – 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін артса, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін көтерілген.
- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 6 мың теңге шамасында артып, 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін артып отырн. Ал II топ мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысының көлемі – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өскен.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгерді. Осы жылдан бастап АЕК 3932 теңге көлемінде бекітілді. Ал 2024 жылы АЕК 3692 теңгені құраған.