2025 жылы Қазақстан Ресеймен экономикалық байланысын үзе ме? – сарапшылар болжамы

Жарияланды
Ресей Қазақстан экономикасына $3 млрд инвестициялады
Рашид Жақсылықовтың пікірінше, Ресей экономикасы қатты құлдырайтын болса, Қазақстан экономикалық байланыстарды үзуге мәжбүр болады / Фото: shutterstock

Қазақстан 2025 жылы Ресеймен экономикалық байланысын үзіп, дербес экономика құруға ұмтылуы мүмкін. Бюджет тапшылығы, инфляция, пайыздық мөлшерлемелердің артуы тәуекелдер тудырса, жасанды интеллект пен цифрландыру жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал. Сонымен қатар, Ұлттық компаниялар жекешелендіріле бастауы кәдік. Қазақстандық экономистер Рашид Жақсылықов пен Бауыржан Ысқақов  KursivMedia-ға 2025 жылға ел экономикасының ахуалы қандай болары жөнінде осындай болжам жасап отыр.

Қандай түйткілдер алдымыздан шығады?

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, әлемдік экономикалық үрдістер Қазақстанға қатты ықпал етеді. Сондықтан әлемдік экономикада инфляцияны бақылау мақсатында орталық банктер өздерінің пайыздық мөлшерлемелерін көтере түсуі мүмкін.

«Бұл тікелей Қазақстан секілді дамушы елдердің инвестициялық көлеміне, тұтыну деңгейіне әсерін тигізеді. Одан кейін шикізат бағалары – мұнай мен газ бағасының құбылуы экспорттаушы елдер үшін шешуші фактор болады. Мұнай мен газдың бағасы төмендесе, бюджет тапшылығы туындауы мүмкін», – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, инфляция тәрізді ішкі факторлар да бар.

Бағаның өсуі халықтың сатып алу қабілетіне тікелей кері әсерін тигізеді. Бюджет тапшылығы, мемлекеттік шығындардың өсуі мен кірістердің жеткіліксіздігі бюджетке қысым түсіреді. Мысалы, былтырғы жылы бюджет тапшылығы 25 пайыздан асып, оны Ұлттық қордың қаражаты есебінен жабылған.

«Азық-түлік пен тұрғын үй бағасының тұрақсыздығы негізгі түйткілдің біріне айналды. Жаңа технологияларды енгізілген соң, көптеген салаларда жұмыс орындары қысқарып, оларды қайта даярлау қажеттілігі туындауы әбден мүмкін», – дейді экономист.

Қандай мүмкіндіктер ашылады?

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, 2025 жылы жаңа мүмкіндіктер де ашылады. Айталық, цифрлық экономика және жасанды интеллект өз жемісін береді.

«Мемлекет цифрландыруды белсенді түрде ілгерілетін болса, жаңа жұмыс орындары пайда болуы мүмкін. Алайда бұл білім беру жүйесіне қосымша талаптар қояды. Біздегі жоғары оқу орындары цифрлық білім беруге қаншалықты дайын?», – деп сауал тастайды экономист.

Бауыржан Ысқақовтың болжамынша, жасанды интеллект экономикаға енгізіліп жатыр. Бұл өндірістік салаларында тиімділікті арттырады. Десе де, мұның да жағымсыз қыры болуы мүмкін. Айталық, дәстүрлі кәсіптер жойылып кетеді.

«Экономикаға әсер ететін тағы бір фактор – бизнес климат және инвестициялар. Геосаяси оқиғалар инвестиция көлеміне де әсерін тигізіп жатыр. Экономикалық тұрақтылық пен заңнамалық реформалар инвесторлар үшін маңызды. Сол үшін Президент арнайы заң, салық кодексін қайта қарап, жаңа инвесторлар үшін тиімді бизнес климаттың қалыптасуына жағдай жасап отыр. Экономикаға тиімді әсерді арттыру үшін шағын және орта бизнесті де қатты қолдауымыз керек», – дейді сарапшы.  

Бауыржан Ысқақов 2025 жылы Қазақстан экономикасы жаңа мүмкіндіктерге де, қиындықтарға да тап болуы мүмкін екенін ескертеді.

«Бірінші кезекте инфляция бақылауға алынуы тиіс. Жұмыс орындарын арттыратын кәсіпорындарды көбейту қажет. Ең бастысы – экономиканы әртараптандыру. Шикізатты экономикадан өндіруші, өңдеуші экономикаға айналу қажет. Нақты реформалар жүзеге асатын болса, экономикалық өсімді 6 пайызға жеткізу туралы Президенттің тапсырмасын орындауға мүмкіндік болады. Оған ресурстарымыз да, қажетті заңдары да бар. Бірақ та ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын», – дейді экономист.  

Қазақстан Ресейден іргесін аулақ сала бастай ма?

KazService президиумы төрағасы Рашид Жақсылықовтың болжамынша,  2025 жылы Қазақстан экономикалық тұрғыдан Ресейден іргесін ажырата бастауы ықтимал.

«2024 жылдың соңғы тоқсанында Ресей экономикасының әлсірей бастағаны, тоқырауға түскені байқалды. Шындығында да, санкциялар өз жемісін бере бастады. Бұдан бөлек қазір Ресей газы Еуропаға сатылуы толық тоқтады. Енді Ресей экономикасы түбегейлі Шығысқа бұрылады. Басты бағыт – Үндістан мен Қытай. Сонымен қоса, Пәкістан, Иран және Ирак елдері бар. Сондықтан біздің де экономика осы бағытқа қарай өзгеруі әбден мүмкін», – дейді экономист.

Рашид Жақсылықовтың пікірінше, Ресей экономикасы қатты құлдырайтын болса, Қазақстан экономикалық байланыстарды үзуге мәжбүр болады.

«Экономикалық тұрғыдан Ресейден ажырап, дербес экономикалық мемлекетке айналу уақыт талабы да шығар. Бұл өте ауыр және қиын үдеріс болады. Бұл бір айда немесе бір жылда бітетін шаруа емес. Кемі он-он бес жыл уақытымызды алатын жұмыс», – дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, 2024 жылдың соңғы үш айы теңгенің тұрақсыздығы Қазақстан азаматтарына қатты сезілді. Бұл азаматтарымыздың табысының азаюына әкеп соқты. Мұның басты себебі – Ресей экономикасымен тығыз байланысты болғанымыз.

Рашид Жақсылықовтың  пікірінше, осы факторлар еліміздегі сыртқы сауда бағытын өзгеруіне әкелуі мүмкін.

«2024 жылы бізге АҚШ және Еуропа мемлекеттерінің қызығушылығы өте үлкен болды. Мемлекеттік сапармен қаншама ел басшылары – президенттер келді. Олардың бәрі бізден болашақта экономикалық қарым-қатынасты ұлғайтқысы келеді. Атап айтқанда, Германия Қазақстан мұнайына қызығушылығы зор екенін айтып отыр. 2022 жылдары КҚК бір ашылып, бір жабылып, Ресей тарапынан қоқан-лоқы көрсетілген кезде, балама жолдар іздей бастадық», – дейді сарапшы.

Рашид Жақсылықовтың сөзіне қарағанда, балама жолдардың бірі – Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығатын тасымал жолы.

«Қытаймен сауда күшейіп жатыр. Тек қана газ, мұнай саудасы емес, астыққа да көшетін уақыт келді деп ойлаймын. Жалпы, ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасы ұлғайтылуы тиіс. Осы мәселелер бойынша, қызықты уақиғалар мен келісімдер болады деп күтемін», – дейді сарапшы.

Рашид Жақсылықовтың болжамынша, 2025 жылы логистиканың дамуына және инженерлік коммуникациялардың дамуына баса назар аударылады. Сондай-ақ Ұлттық компанияларды жекешелендіру үрдісі басталуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз