Керіш бұғазында төгілген мазуттың кесірінен 30-дан астам дельфин өлі табылды
Керіш бұғазында ресейлік танкер төңкеріліп, мазут төгілген соң, теңізден 30-дан астам дельфин өлі табылған. Бұл туралы Ресейдегі «Дельфа» атты ғылыми-экологиялық дельфиндерді құтқару орталығының телеграм-арнасында хабарланды.
Іnterfax-тің хабарлауынша, төтенше жағдайдан кейін 61 кит тәріздес мақұлық қаза болған.
«Оның 32-сі 15 желтоқсаннан кейін өлген. Олардың өлімі мазуттың төгілуіне байланысты болса керек. Қалғандары оған дейін өлген. Денелері ескірген», – делінген хабарламада.
Орталықтың мәліметінше, бұл – өте көп сан. Қазіргі кезеңде бұрын-соңды мұншама теңіз жануары қырылмаған.
«Кит тектес мақұлықтардың басым көпшілігі апаттан кейінгі 10 күн ішінде өлген. Қазір теңіз оларды сыртқа шығарып жатыр. Ең көп жапа шеккендері – азовтық дельфиндер. Ең осалдары – осылар. Жақын айларда өлген дельфиндердің денесі әлі де көптеп табылады деп күтуге болады», – делінген орталықтың хабарламасында.
15 желтоқсанда Керіш бұғазында мазут тиелген танкер төңкеріліп, апатқа ұшыраған болатын. Экипаждың бір мүшесі қаза болып, қалғандары құтқарылған-ды. Төтенше жағдай орнында мазут төгілген. Краснодар өлкесінің шұғыл штабы жексенбі күні Анапа және Темрюк аудандарында 5 мыңға жуық құстың құтқарылғанын хабарлады.