Канадалық компания өзіне тиесілі кен орнындағы өндірісті тоқтатқаны үшін «Қазатомөнеркәсіпке» наразы

Жарияланды
Инкай кен орны
«Инкай» кен орнындағы өндіріс уақытша тоқтады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең ірі уран кен орны «Инкайдағы» өндіріс уақытша тоқтады. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» сайтында жарияланған.

Ұлттық атом компаниясының мәлімдемесіне сенсек, өндіріс бастау үшін міндетті түрде кен орнын игерудің бекітілген жобасы болуы керек. Бірақ 2024 жылдың 30 желтоқсанына дейін «Инкай» кәсіпорны сол қажетті құжаттарды құзырлы органдарға келісімге жібермеген.

«Осыған байланысты, қолданыстағы заңнаманы сақтау мақсатында «Инкай» БК» ЖШС кен орнында өндіруді уақытша тоқтатады. «Инкай» БК» ЖШС алдағы екі апта ішінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне барлық қажетті құжаттарды ұсынады деп күтілуде, содан кейін бұл жағдай реттеледі», – деп жазылған компания сайтында жарияланған хабарламада.

Бірақ «Инкай» кәсіпорнына иелік ететін екінші тарап яғни канадалық Cameco бұл жағдайға риза емес.

«Біз бұл жағдайдан көңіліміз қалды. 2024 жылдың 26 желтоқсанына дейін  Cameco алған есепте осы өндірісті тоқтатуға қатысты айтылмаған еді. Қазір мұның өндіріс әлеуетіне, қаржылық жағдайға (болашақ дивиденттерді қоса алғанда) әсері қандай болатынын және «Инкайға» қалай көмектесе алатынымыз жайлы жұмыс жүргізіліп жатыр», – делінген компания сайтындағы мәлімедемеде.

«Инкай» – қазақстандағы ең ірі кен орнының бірі. Оның 60% үлесіне «Қазатомөнеркәсіп», ал 40%-на канадалық компания ие. Кейбір телеграм каналдардағы сарапшылар бұл жағдайға «Росатомның» қатысы бар деп есептейді. Ресейлік компания «Uranium One Group» арқылы «Будденовское» кен орнының 58% үлесін басқарады. Ол – «Инкайдан» кейінгі ірі кен орнының бірі. Тиісініше, канадалықтармен тікелей бәсекелес болып тұр. Ресей Украинаға соғыс бастағаннан кейін канадалық компания Ресеймен байланысын тоқтатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз