Уран өндірісі бойынша Канада Қазақстанды басып озуды жоспарлап отыр
Канада Rook1 кен орнын игеріп жатқан NexGen компаниясынан 1,6 миллиард долларға уран кен орнын сатып алмақшы.
NexGen соның нәтижесінде Канада бес жылдан кейін уран өндіруден Қазақстанды басып озады деп есептейді. Бұл жөнінде Financial Times жазды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан («Қазатомөнеркәсіп») радиоактивті элемент өндіруден әлемде бірінші орынға шықты.
«Біздің жобаның Канаданы уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші орынға қайтару мүмкіндігі бар», – деді NexGen бас директоры Ли Курьер.
Ол АҚШ-тың энергетикалық компаниялары Rook1-тен уран сатып алуға кезекке тұрып жатқанын айтты. Кенді игеруге рұқсат беруге қатысты мәміленің аяқталуы жақын, егер оң нәтиже болса және тиісті қаржы бөлінсе, негізгі жұмыс 2025 жылдың ортасында басталуы мүмкін.
NexGen бұл кеніштің құны 1,6 миллиард долларды құрайды және жылына 30 миллион фунт уран өндіреді деп болжайды. Бұл – қазіргі әлемдік өндірістің бестен бір бөлігі.
Сонымен қатар Қазақстан өндірісте қолданылатын күкірт қышқылының тапшылығы мен геосаяси шиеленістерге байланысты өндірісті арттыруда қиындықтарға тап болып отыр, деп жазды Financial Times. Ресей уранының импортына қойылған шектеулер мен Мәскеудің жауап шаралары нарықтағы белгісіздікті күшейтеді.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның негізгі сатып алушы ретінде Қытайға көбірек көңіл бөлуі Батыс елдерін уран жеткізуге деген көзқарастарын қайта қарауға итермелеуі мүмкін.
Канаданың ең ірі уран өндірушісі Cameco 2024 жылы елдің негізгі өндірісі шоғырланған Саскачевандағы екі шахтасында өндіріс үштен біріне – 37 миллион фунтқа дейін артады деп болжайды.
RBC Capital Markets мәліметтері бойынша, Denison Mines, Orano Canada, Paladin Energy және NexGen Energy сияқты компаниялардың жаңа шахталардың құрылысы және қолданыстағы қондырғыларды кеңейтуі 2035 жылға қарай Канаданың уран өндірісін екі есе арттыруы мүмкін.
31 елдің 2050 жылға қарай ядролық энергияны пайдалануды үш есеге арттыруға арналған жоба-жоспарына байланысты уранға сұраныс артатыны анық. Соған байланысты Канада өзінің көшбасшылығын қалпына келтіруге ұмтылуда.
Канаданың энергетика және табиғи ресурстар министрі Джонатан Уилкинсон елдің уран өнеркәсібіне салынған инвестиция соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. 2022 жылы геологиялық барлау және бағалау шығындары 90%-ға өсіп, 232 миллион канада долларына дейін, ал 2023 жылы тағы 26%-ға артып, 300 миллион канада долларына жетті.
«Канада өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті уран өндіріп қана қоймайды, сонымен қатар бұл одақтас реакторларға уран жеткізе алатын жалғыз G7 елі. Біз уран өндірісінің 80%-дан астамын экспорттаймыз, бұл бізді осы салада әлемдік көшбасшыға айналдырамыз», – деп атап өтті Уилкинсон.
Уран бағасы 2024 жылдың қаңтарында шарықтап, 2008 жылдан бері алғаш рет фунтына 100 доллардан асты. Кейінірек олар бір фунт үшін 73 долларға дейін төмендегенімен, бұл соңғы онжылдықтағы орташа 50 доллардан әлдеқайда жоғары.
Канада 2008 жылға дейін әлемдегі ең ірі уран өндіруші болды, бірақ 2011 жылы Жапонияның Фукусима атом электр станциясындағы апат салдарынан болған бағаның төмендеуіне байланысты көшбасшылығын жоғалтты. Бұл құлдырау Қазақстанның әлемдік көшбасшы болуына мүмкіндік берді: 2022 жылға қарай әлемдік уран өндірісіндегі үлесі 43%-ға (оның 23%-ы Қазатомөнеркәсіпке тиесілі) жетті. Канада – 15%-бен екінші, Намибия – 11%-бен үшінші орынға тұрақтады.