Назарбаеваны мақтаған видеоны сынаған Бапиға ҰҚК деструктивті контенттерді жойып жатқандарын хабарлады

Жарияланды
Дариға Назарбаеваны дәріптеген бейнежазбаны «ескішілдік технологиясы» деп сынаған Бапиға ҰКК жауап берді/ фото: Reuters

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанның бұрынғы билігінің дәуірі өтсе де, ескі жүйені аңсайтындар әлеуметтік желіден жиі көрінетінін сынап, ведомстволарға сауал жолдаған.

Депутат Сенаттың экс-төрағасының Дариға Назарбаеваны мақтаған видеосы кеңінен таралғанын, бұдан бұрынғы саяси режим өкілін  дәріптеу тыйылмай тұрғанын аңғаруға болатынын мәлімдеген.

«Бұл адам – Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек. Әсіресе қазақ қоғамына (қайталап айтам, именно қазақ қоғамына) іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған сияқты», – деп хабарлады Бапи.

Мәжілісмен контрпропагандалық материалдардың біразын ведомстволарға жолдағанын да ашық айтты.

Депутат сауалына жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитеттің төрағасы Ермек Сағымбаев арандату фактісін әшкерелеу қиын екенін атап өтті. Шетелдік платформаларда тіркелгендер аноним әрекет ететінін қаперге салды.

«2024 жыл басынан бері интернет желісінде деструктивті ақпарат тарату бойынша заңсыз іс әрекеттер жасаған, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырған 330 желі пайдаланушылары анықталды. Қылмыстық жауапкершілікке 29 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке 30 адам тартылды, қалғанына  қатысты профилактикалық шаралар ұйымдастырылды», – деді Е. Сағымбаев.

ҰҚК басшысы назарбаевшылыққа қатысты ашық ештеңе айтпады. «Сіздің сауалыңызда көрсетілген дәйектер назарға алынды және әрі қарайғы жұмыс барысында ескеріледі», – деп ескертті.

Ал Мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желі иелерімен кездесу өткізіп отыратынын хабарлады.

«Аталған онлайн-платформалармен бірнеше кездесу барысында министрлік құқыққа қайшы контентті шұғыл және толыққанды жою қажеттілігі туралы хабарлады. Осы жұмыс шеңберінде құқыққа қайшы контент тұрақты негізде анықталып, жойылады», – деп мәлімдеді министр.

Бірақ Балаева да Бапи айтқандай «ескішіл» технологияға қатысты нақты дерек келтірген жоқ. «Құқыққа қайшы контент» деп нақты қай материалды меңзегені де белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз