Қытайда жаңа адам метапневмовирусы шықты. Вирустық ауру жылдам тарап, салдарынан ауруханалар науқастарға лезде толған. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі де аталмыш вирус Қазақстанда тіркелгенін хабарлады.
Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының мәліметіне сенсек, 23-29 желтоқсан аралығында сол елдегі ауруханалардан тұмау белгілері бар науқастардан сынамалар алынған. Нәтижесінде тұмау вирусы, адам метапневмовирусы және риновирустың бары анықталған.
Сонымен қатар жедел респираторлық инфекциялар деңгейі арта түскен. Әсіресе, 14 жасқа жетпеген балалар арасында метапневмовирус жиі анықталған. Аталған вирус солтүстік провинцияларда көп кездесіп жатыр.
Метапневмовирус Қазастанда да өршіді ме?
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де бұл вирусқа қатысы ресми түсініктеме берді. Ведомство адам метапневмовирусы көп елде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустың бірі екенін хабарлайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустардың 8 360 үлгіні зерттеген. Нәтижесінде 1866-нан (22%) оң сынама анықталған.
«Ең көп таралған риновирус – 680 (36,4%), одан кейін РС вирусы – 433 (23,2%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%), паратұмау – 178 (9,5%), бокавирус – 113 (6,1%) және ең соңында метапневмовирус – 30 (1,6%)»,- деп хабарлады министрлік.
2024 жылғы 1 қазаннан бастап республикада ЖРВИ-мен сырқаттанған 2 млн-нан астам және зертханалық расталған тұмау тиген 940-тан астам адам тіркелген.
Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп шоғырланған жерлерге мүмкіндігінше бармауға шақырады. Бұл ескерту әсіресе созылмалы аурулары бар ең осал пациенттерге қатысты.
Алдын алу шаралары:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
- үй-жайларды үнемі желдету;
- қолды антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтармен жиі сүрту;
- ауру адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулау;
- тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге жібермеу;
- ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.