Ақтау маңына құлаған Embraer ұшағының апат себебін анықтау неше жылға созылмақ?
Көлік министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты бойынша түпкілікті есептің қашан дайын болатынын жариялады.
Министрліктің мәліметінше, ұшақ апатын тергеу барлық уәкілетті халықаралық сарапшылардың қатысуымен жалғасып жатыр. ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасына алдын-ала есеп ұшақ апаты болған күннен бастап 30 күн ішінде жарияланады.
«Сонымен бірге, 13-қосымшаға сәйкес комиссия тергеуді 12 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Сарапшылар тобы күн сайын жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады көлік министрлігінің баспасөз қызметі Курсив сауалына.
Алайда министрліктің ресейлік ТАСС агенттігіне берген жауабы мүлдем басқа. Онда түпкілікті есепті бекіту 3 жылға дейін созылуы мүмкін делінген.
«2024 жылғы 25 желтоқсанда Embraer E190AR әуе кемесімен орын алған ұшақ апатының тергеуі, ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығына сәйкес жүргізілуде. <…> Бұйрықтың 32-тармағына сәйкес, адам өлімімен аяқталған әуе оқиғасын тергеу ұзақтығы комиссия құрылған күннен бастап тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті есеп бекітілген күнге дейін, әдетте, 36 айдан аспайды, егер қосымша зерттеулер талап етілмесе», – делінген министрліктің ТАСС агенттігіне берген жауабында.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметінен тергеу нақты қай мерзімде аяқталатынын сұрадық.
«Негізі заң аясында 36 айға дейін тергеу жүргізуге болады, ол рас. Алайда мамандар 12 айдың ішінде тергеуді аяқтауды жоспарлауда. Ал 30 күн өткен соң алғашқы мәлімдеме жасалмақ»,- деп жауап берді Көлік министрлігінің баспасөз қызметі Курсив сауалына.
25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines көлігі Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының аумағында құлады. Осыдан тірі қалған жолаушылардың арасында 14 әзербайжан азаматы болды. Олардың барлығы медициналық көмек алған соң, еліне оралды.
Azerbaijan Airlines ұшағында 69 адам болған. Соның 38-і тірі қалды. Компания ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 12 млн теңгеден өтемақы төлейтін болды.