Виза талаптары жеңілдейді: қазақстандықтар қай елдерге саяхаттай алады?
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер виза талаптарын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруда. Десе де бұл ШЫҰ — ға мүше мемлекеттер үшін визасыз режим енгізіледі деген сөз емес. Бұл жайында 1 қаңтарда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы қызметіне кіріскен Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.
Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, 2024 жылдың мамырында Алматыда өткен туризм министрлерінің кездесуінде 2024–2025 жылдарға арналған жоспар қабылданған. Жоспардың бір тармағында визалық талаптарды жеңілдету мүмкіндігін зерттеу туралы айтылған.
«Әзірге ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер үшін визасыз режим енгізу туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ, тек визалық режим шарттарын жеңілдету мүмкіндігі қарастырылуда. Туризм саласындағы ынтымақтастық – біздің жұмысымыздың өте маңызды бағыты. Барлық жұмыстар ШЫҰ елдері үкіметтері арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісім аясында жүзеге асырылуда», – деді Ермекбаев.
Ұйымының Бас хатшысы ШЫҰ-ға мүше бірқатар мемлекеттер арасында визасыз сапарларға қатысты келісімдер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Мәселен, Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим іске қосылған. Сондай-ақ 2024 жылдың 24 қазанында Қазақстан мен Макао арнайы әкімшілік ауданы арасындағы визасыз сапарлар туралы келісім күшіне енді.
Айта кетейік, ШЫҰ-2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оған 10 мүше мемлекет кіреді: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан.
Осыған дейін 2025 жылы қазақстандықтар визасыз бара алатын елдер тізімі жарияланғаны туралы хабарлаған едік. 15 күнге дейін визасыз саяхаттау рұқсат етілген елдер: Гонконг, Иран. Ал 30 күнге дейін баруға болатын елдер: Қытай, Малайзия, Мальдивы, БАӘ, Тунис, Өзбекстан,Оңтүстік Корея, Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Филиппин, Эквадор, Доминикан Республикасы, Индонезия, Куба, Катар, Түркия. 60 күнге дейін визасыз баруға болатын елдер: Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Таиланд. Сондай-ақ Албания, Гаити, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Намибия елдірені қазақстандықтар 90 күнге дейін визасыз бара алады.