Жылан жылы Уоррен Баффет портфеліндегі жеті акцияның бағасы қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
фото: shutterstock

2025 жылы Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясының портфеліндегі бірнеше акция айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Уолл-стрит сарапшылары осындай болжам жасап отыр.

Уолл-стриттің болжамынша, Liberty Latin America телекоммуникация компаниясының акциялары айырықша қымбаттайды. Орташа есеппен оның нарықтағы құны алдағы 12 айда 58%-ға өседі деген болжам бар. Berkshire бұл компанияның шағын үлесіне он жылға жуық уақыттан бері иелік етіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Atlanta Braves Holdings компаниясының акциялары жыл ішінде 42%-ға қымбаттауға тиіс. Бұл компания бұрын Liberty Media медиаконгломератының құрамында болған. 2024 жылдың жазында тәуелсіз жария компанияға айналды. 2007 жылы Liberty Media Atlanta Braves бейсбол командасын 400 млн долларға сатып алған. 2017 жылы жаңа стадионның ашылуымен команданың табысы мен құндылығы едәуір артты.

Occidental Petroleum мұнай компаниясы акцияларының бағасы 2025 жылдың соңына қарай 20%-дан аса өсім көрсетуі мүмкін. Былтыр оның акциялары 17%-ға арзандаған-ды. Баффет осы сәтті пайдаланып, компаниядағы үлесін 28%-дан асырды.

Уолл-стрит Coca-Cola Company акцияларының да өсетініне сенімді. Орта есеппен оның құны бір жыл ішінде 20%-ға көтеріледі деген болжам бар.

Сондай-ақ Баффет портфеліндегі Lennar (девелопер) акциялары 20%-ға, Citigroup (инвестбанк) – 17%-ға, Chevron (мұнай-газ гиганты) 18%-ға қымбаттауы мүмкін.

Investor’s Business Daily деректеріне сәйкес, Баффет пен оның командасы Berkshire портфелінде 50-ге жуық акциямен жұмыс істейді. Олардың жалпы құны 300 млрд доллардан асады.

Сондай-ақ оқыңыз