Goldman Sachs алтын бағасына қатысты болжамын неге төмендетті
Goldman Sachs инвестициялық банкі алтын бағасына қатысты болжамын төмендетті. Мұндай түзетудің астарынан ФРЖ мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі мүмкін екенін аңғаруға болады.
Goldman Sachs алтынның трой унциясы 2026 жылдың ортасында 3 мың долларға жетеді деп болжап отыр. Бұл бұған дейін 2025 жылдың соңына дейін жасалған болжамнан өзгеше. Банк мұның себебін ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендету қарқынын баяулатуымен байланыстырды.
Банк сарапшыларының пікірінше, ФРЖ 2025 жылы мөлшерлемені 0,75 пайыздық тармаққа төмендетеді. Ал бұған дейінгі болжамда көрсеткіш 1 пайыздық тармаққа кемиді деп көрсетілген еді.
Ақша-несие саясатының біртіндеп жұмсаруы алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қорларға деген сұранысты шектеуі мүмкін. Нәтижесінде жылдың соңына қарай алтынның бағасы трой унциясына 2 910 долларға жетеді.
6 қаңтардағы сауда-саттықта алтынның бағасы трой унциясына 2 640 доллардан төмен болды. Reuters мәліметінше, алтын бағасының өсуіне доллардың күшейе түскені кедергі келтіріп отыр. Трежерис кірістілігінің тұрақты өсуі өткен аптада доллар индексін 0,9%-ға көтерді.
Еске сала кетейік, 2024 жылы алтынның бағасы 27%-ға өсті. Бұл оны ең табысты биржалық тауарлардың біріне айналдырды. Жыл бойы алтын құны бірнеше рет рекорд жаңартты.
Бағаның өсуіне АҚШ-тағы ақша-несие саясатының жұмсаруы, дәстүрлі қорғаныс активі ретінде алтынға деген сұраныстың артуы және орталық банктердің тұрақты сатып алуы әсер етті. Алайда қараша айының басында АҚШ-тағы сайлаудан кейін доллар нығайып, алтын бағасы өсуін тоқтатты.